Жиында тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды тиімді жоспарлау және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бастамаларға басымдық берілді.
Кеңесте қаралған негізгі жобалардың бірі – Абай ауылының Бас жоспары. Құрылыс жұмыстарын үш кезең бойынша жүзеге асыру көзделген. Жоба толық аяқталғаннан кейін ауылда 20 мың жаңа пәтер пайдалануға беріліп, шамамен 60 мың тұрғын баспанамен қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар демографиялық өсім ескеріліп, ауыл аумағында заманауи мектептер мен балабақшалар салу қарастырылған. Инженерлік-коммуналдық желілерді жаңарту, саябақтар мен жол инфрақұрылымын дамыту мәселелері де назардан тыс қалмаған.
Бірнеше ауылдың Бас жоспары қаралды
Қала құрылысы кеңесінде Қырғауылды, Жаңатұрмыс және Панфилов ауылдарының Бас жоспарлары да талқыланды. Бұдан бөлек, Бесағаш ауылында бес қабатты тұрғын үй салу мәселесі қаралды.
Облыс орталығында киіз үй пішініндегі визит-орталық салу, сондай-ақ «Қарлығаш Resort» мәдени-туристік кешенін және 108 пәтерлі тоғыз қабатты тұрғын үй тұрғызу жөніндегі ұсыныстар таныстырылды.
Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы тұрғындардың мүддесі мен қауіпсіздығы кез келген жобаны әзірлеуде басты назарда болуы керектігін атап өтті.
«Әрбір азаматтың мүддесі мен қауіпсіздік талаптары ескерілуі тиіс. Жобаларды дайындау барысында мектеп, балабақша, медициналық орталық сынды әлеуметтік нысандардың жеткілікті болуына мән беру маңызды. Халыққа кең тыныстауға мүмкіндік беретін, көгалдандырылған және табиғи ортамен үйлесім тапқан жайлы кеңістік қалыптастыруымыз қажет», – деді облыс әкімі.
Балқаш ауданындағы жобаға өзгеріс енгізу ұсынылды
Кеңес барысында кейбір жобаларға қатысты сын-ескертпелер де айтылды. Атап айтқанда, Балқаш ауданында жаңа тұрғын үйдің жобасы әзірленген. Алайда құрылыс салу үшін елді мекен сыртындағы алқапты таңдауға қатысты ұсыныс қолдау таппады.
Облыс әкімі ауыл ішіндегі иесіз қалған бос үйлерді сатып алып, оларды қайта кәдеге жарату мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл тәсіл ауданның көркін жақсартып қана қоймай, оқушылардың мектепке, ал тұрғындардың жұмыс орындарына қатынауын жеңілдетуге мүмкіндік беретіні айтылды. Сонымен бірге мұндай шешім қаржыны тиімді жұмсауға жол ашады.
Кеңес қорытындысында өңір басшысы берілген тапсырмалар мен ұсыныстардың уақытылы әрі сапалы орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды.





