Жиында ауылдық округ әкімдері атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Өңір басшысы елді мекендердің экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Елтай ауылдық округіне 51,7 млрд теңге инвестиция тартылған. Қазір округте 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның үшеуі іске қосылып, нәтижесінде 2,3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Жобалар қатарында ірі өндірістік кешендер мен логистикалық орталықтар бар.
Ащыбұлақ ауылдық округінде инвестиция көлемі 22,8 млрд теңгеге жетті. Мұнда өнеркәсіп, сауда және қызмет көрсету салаларында бірнеше өндірістік және коммерциялық жоба іске қосылған.
Ауыл шаруашылығында су ресурстарын тиімді пайдалануға басымдық беріліп отыр. Биыл Қараой ауылдық округінде 222,7 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясы енгізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 86 пайызға жоғары.
Райымбек ауылдық округінде су үнемдеу технологиялары қолданылатын жер көлемі 200 гектарға, ал Шамалған округінде 180 гектарға жетті. Сонымен бірге Шамалғанда 1 542,9 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, ауыл шаруашылығы айналымына енгізілуде.
Мал шаруашылығында да өсім бар. Жамбыл ауылдық округінде ірі қара саны 3 196 басқа, ұсақ мал 2 188 басқа, жылқы саны 913 басқа дейін артқан.
Жібек жолы ауылдық округінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында тоғыз кәсіпкерге жалпы сомасы 78,8 млн теңге жеңілдетілген несие берілді.
Қараойда үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді
Жиында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қараой ауылдық округінде «Келешек мектептері» жобасы аясында 900 орынды жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Нәтижесінде елді мекендегі үш ауысымды оқыту мәселесі толық шешілді. Бұдан бөлек, 300 орынды жекеменшік зияткерлік мектеп ашылды.
Қаскелең қаласындағы аудандық көпбейінді орталық ауруханада құны 4,2 млрд теңге болатын күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Әйтей ауылында 200 орынды мәдениет үйі салынып жатыр. Ал Жамбыл ауылдық округіне қарасты Ұлан ауылында тәулігіне 50 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Облыс әкімі бірқатар тапсырма берді
Марат Сұлтанғазиев ауылдық округтерде бірқатар бағыт бойынша оң нәтижелер бар екенін атап өтті. Дегенмен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстың қарқынын бәсеңдетпеу керектігін айтты.
Өңір басшысы инвестиция көлемін арттыруды, ауыл шаруашылығын дамыту мен су ресурстарын тиімді пайдалану жұмыстарын жалғастыруды, сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының жүйелі орындалуын күшейтуді тапсырды.
Кеңесте Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық мәселесі де қаралды.
«Сайлауды жоғары деңгейде өткізу әрбір ауылдық округ әкімінің үйлесімді әрі жауапты жұмысына тікелей байланысты. Әсіресе сайлаушылар тізімінің нақтылығына, сайлаудың заңнамалық талаптарға сай ұйымдастырылуына, тұрғындардың белсенді қатысуын қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет», – деді облыс әкімі.
Жиын қорытындысында Марат Сұлтанғазиев сайлауға дайындық барысын жіті бақылауда ұстап, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.





