Мұнда пациентті қабылдаудан бастап, шұғыл операция жасауға, реанимациялық көмек көрсетуге және жаңа туған нәрестені күтуге дейінгі медициналық көмектің негізгі кезеңдері бір орталықта ұйымдастырылған.
Жыл басынан бері 1190 әйел босанған
Жыл басынан бері перинаталдық орталықта 1190 әйел босанды. Оның 132-сі мерзімінен бұрын босанған. Асқынған жағдайларда дәрігерлер 206 шұғыл және 168 жоспарлы операция жасаған.
Орталықтың басты ерекшеліктерінің бірі – күрделі жағдайларда бірнеше бағыттағы мамандардың бір команда болып жұмыс істеуі. Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде биыл 414 пациентке медициналық көмек көрсетілген. Олардың арасында ауыр преэклампсия, артериялық гипертензия және басқа да қосымша аурулары бар жүкті әйелдер болған.
«Ана мен баланың жағдайы күрделенген кезде бір ғана дәрігердің шешімі жеткіліксіз. Мұнда акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, неонатолог және басқа мамандар бір команда ретінде әрекет етеді. Біздің міндетіміз – ең қиын жағдайда да ана мен балаға қажетті көмекті уақытында көрсету», – дейді орталық директоры Дәурен Иманалиев.
Салмағы 500 грамнан басталатын сәбилерге күтім жасалады
Перинаталдық орталықтың жұмысы тек Есік қаласымен шектелмейді. Алматы облысының аудандарынан мамандандырылған медициналық көмекке мұқтаж әйелдер мен жаңа туған нәрестелер де осында жолданады. Осылайша орталық өңірдегі ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесіндегі маңызды медициналық мекемелердің біріне айналып отыр.
Жаңа туған нәрестелерге арналған бөлімшелерде шала туған және денсаулығында күрделі мәселелері бар сәбилерге қажетті медициналық көмек көрсетіледі. Биыл мұнда салмағы 500 грамнан 1 килограмға дейінгі өте төмен салмақта дүниеге келген 16 нәресте ем қабылдап, дәрігерлердің бақылауында болған.
Мұндай сәбилерге күтім жасау медицинадағы ең күрделі бағыттардың бірі саналады. Олардың жағдайын тұрақтандыру үшін арнайы медициналық жабдықтармен қатар неонатологтар мен реаниматологтардың тұрақты бақылауы қажет.
Гинекологиялық операциялар да жасалады
Орталықта әйелдер денсаулығына қатысты хирургиялық көмек те көрсетіледі. 16 төсектік гинекология бөлімшесінде жатыр миомасы, жатырдан тыс жүктілік, аналық без кистасы және басқа да гинекологиялық патологиялар бойынша операциялар жасалады.
Алдағы уақытта медициналық көмектің мүмкіндігін кеңейту үшін орталықтың материалдық-техникалық базасын жаңарту жоспарланып отыр. Жаңа жабдықтардың қатарында лапароскоп, цифрлық рентген аппараты, жасанды тыныс алу аппараттары, кювездер және генетикалық анализаторлар бар.
Медициналық мекеменің техникалық мүмкіндіктерін кеңейту күрделі жағдайдағы аналар мен жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – Алматы облысында ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды қадам.





