Жаңа үйлер Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік тұрғын үй саясаты шеңберінде салынған. Жоба халықты әлеуметтік қолдау мен тұрғындардың баспана мәселесін шешуге бағытталған.
Қоныстойын әлеуметтік осал топ өкілдері мен тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар атап өтті.
Тұрғын үйлер Балқаш ауданының орталығы Бақанас ауылы мен Ақдала ауылында орналасқан. Жалпы ауданда 90 үй салынса, оның 82-сі Бақанаста, ал 8-і Ақдала ауылында бой көтерген.
Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың мамыр айында жеке мердігер ұйымдарды тарту арқылы басталған. Әрбір баспана заманауи құрылыс талаптарына сай салынып, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Үйлер электр, су және газ жүйелеріне қосылған. Үш бөлмелі тұрғын үйлердің жалпы аумағы 80 шаршы метрді құрайды.
Салтанатты рәсімге аудан әкімі, аудандық мәслихат депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Биыл Жеңістің 81 жылдығы атап өтілуде. Осындай мерейлі күні аудан орталығында салынған жалдамалы тұрғын үйлердің азаматтарға берілуі ерекше мәнге ие. Бүгін “Отбасы банк” АҚ тізіміне сәйкес тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топ өкілдеріне жаңа үйлердің кілттері табысталды. Жаңа баспаналар әр отбасы үшін құт-береке мен бақыттың ордасына айналсын», – деді аудан әкімі.
Оның айтуынша, Балқаш ауданында тұрғын үй құрылысы алдағы уақытта да жалғасады. Жыл сайын жаңа үйлер салынып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.



