Мамандардың айтуынша, ұлттық күнтізбеге сәйкес вакцинация – халық денсаулығын қорғаудың ең тиімді тәсілдерінің бірі. Қазақстанда міндетті екпелер мемлекет есебінен тегін жүргізіледі және әрбір балаға туған сәтінен бастап белгіленген мерзімдерге сай салынады.
Бұл туралы Алматы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәулет Капсаламова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева мәлімдеді.
Олардың айтуынша, тегін жүргізілетін вакциналар қатарында туберкулез, «А» және «В» вирустық гепатиттері, дифтерия, көкжөтел, сіреспе, полиомиелит, қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит, гемофильді және пневмококк инфекцияларына, сондай-ақ адам папилломавирусына қарсы екпелер бар.
Мамандар вакцинация тек балалар үшін емес, ересектер үшін де маңызды екенін атап өтті. Белгілі бір жас кезеңдерінде ревакцинация жүргізіліп, ағзаның қорғаныш қабілеті сақталады. Ал медицина қызметкерлері мен қауіп тобына жататын азаматтар міндетті түрде екпе алады.
«Жыл сайын сәуір айының соңында өтетін Иммундаудың дүниежүзілік апталығы вакцинацияның маңызын еске салады. Вакциналар соңғы 50 жылда миллиондаған адамның өмірін сақтап қалды. Соған қарамастан, әлемде әлі де екпе алмаған балалар саны көп, ал жалған ақпарат вакцинаға деген сенімге кері әсер етіп отыр», – деді Сәулет Капсаламова.
Қазіргі таңда өңірде 6–11 айлық сәбилерді қосымша иммундау жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы 11 480 бала екпе алуы тиіс болса, оның 8 390-ы вакцина алып үлгерген.
Сонымен қатар ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес облыста 318 егу пункті мен 76 жылжымалы бригада жұмыс істейді. 36 алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымының 33-інде вакцинация жүргізіледі.
«Вакцинацияға сенімді арттыру және әр адамның жауапкершілігін күшейту – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Вакцина арқылы біз өзімізді ғана емес, болашақ ұрпақты да қорғаймыз», – деді Лейла Серікбаева.





