Жаңа мультимодальды логистикалық кешен 26,5 гектардан астам аумақты алып жатыр. Мұнда теміржол инфрақұрылымы, контейнерлерді орналастыру алаңы, екі қойма, жүк тиеу-түсіру орындары, автомобиль логистикасы және басқару орталығы бір жерге шоғырланған.
Нысанның салтанатты ашылуына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Kusto Group компаниясының тең құрылтайшысы әрі акционері Қанат Көпбаев, жобаға қатысқан компаниялардың өкілдері мен мамандар қатысты.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа орталықтың іске қосылуы өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындарды жұмыспен қамтуға, шағын және орта бизнестің дамуына, салық түсімдерінің ұлғаюына оң әсер ететінін атап өтті.
«Бүгін пайдалануға беріліп отырған кешен еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді деп күтілуде. Бүгінде Іле ауданының тиімді географиялық орналасуы, көлік дәліздеріне жақындығы және инженерлік инфрақұрылымының дамуы инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруда», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Аймақ басшысының айтуынша, әрбір жаңа инвестициялық жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға және елдің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға үлес қосады.
Kusto Group компаниясының тең құрылтайшысы әрі акционері Қанат Көпбаев жаңа терминалдың географиялық тұрғыдан маңызды нүктеде орналасқанын айтты.
«Қазақстандағы контейнерлердің шамамен 80 пайызы Алматы көлік торабы арқылы өтеді. Ал жүктердің едәуір бөлігі Қазақстанның солтүстік өңірлерінен келеді. Бұл терминал еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын орталық болмақ. Алматы облысы арқылы импорт және экспорт жүктері өзге өңірлер мен көрші мемлекеттерге жөнелтіледі», – деді Қанат Көпбаев.
Оның сөзінше, Қазақстанның Азия мен Еуропаны байланыстыратын географиялық мүмкіндігі транзиттік тасымалды одан әрі дамытуға жол ашады.
«Қазақстан – Азия мен Еуропаны байланыстыратын табиғи көпір. Егер бұл мүмкіндікті толық пайдаланатын болсақ, транзит ел экономикасына мұнайдан да көп табыс әкелуі мүмкін», – деді ол.
Логистикалық орталық заманауи жүк өңдеу жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Мұнда жүк көтергіштігі 45 тонна болатын арнайы кран орнатылған. Ол сағатына 25 контейнерді қабылдай алады. Жалпы кешеннің қуаты айына 111 мың тоннадан астам жүкті өңдеуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта орталық аумағында астық терминалының құрылысы басталған. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін 14 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін сақтауға мүмкіндік туады.
Жобаның құрылысын EPC тәсілімен Coteccons KZ компаниясы жүзеге асырды.
Салтанатты ашылу барысында қонақтарға логистикалық орталықтың мүмкіндіктері таныстырылып, терминалдан алғашқы контейнерлік пойыз жолға шықты.
Жаңа кешен Алматы облысындағы жүк тасымалының мүмкіндігін кеңейтіп, тауарларды қабылдау, сақтау, өңдеу және әрі қарай жөнелту үдерісін оңтайландыруға бағытталған. Сонымен қатар орталықтың іске қосылуы өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып, кәсіпкерлер үшін тасымал логистикасын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік бермек.





