Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік білім беру ұйымдарында оқитын атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілуі тиіс. Алайда прокуратура жүргізген тексеру барысында бұл талаптың бірқатар мектептерде орындалмағаны белгілі болды.
Қадағалау органының мәліметінше, облыстағы 70-тен астам мектепте әлеуметтік осал санаттағы балаларға тегін ыстық тамақ берілмеген. Атап айтқанда, мұндай фактілер Еңбекшіқазақ ауданындағы 45 мектепте, Талғар ауданындағы 7 мектепте, Жамбыл ауданындағы 5 мектепте, Ұйғыр ауданындағы 14 мектепте, Қарасай ауданындағы 4 мектепте және Қонаев қаласындағы 9 мектепте анықталған.
Нәтижесінде 1 101 бала мемлекет тарапынан көрсетілетін бұл әлеуметтік қолдау түрінен қағылған.
Прокуратураның араласуынан кейін барлық заң бұзушылықтар жойылып, балалардың құқықтары қалпына келтірілді. Қазіргі уақытта барлық оқушы тиісті ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ прокурорлық қадағалау актілері негізінде жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.





