Жоба аясында 2 гектар аумаққа бес қабатты әкімшілік ғимарат, заттай дәлелдемелерді сақтау қоймасы, спорт зал, шағын футбол алаңы, бақылау-өткізу пункті, фронт-офис, саптық алаң және автотұрақ салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстары 11 айға созылады.
Салтанатты рәсімге Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев және ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы Әлібек Төлепбергенов қатысып, ғимарат іргетасына уақыт капсуласын салды.
Аймақ басшысы бұл жоба өңірдегі құқықтық тәртіп пен экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы еліміздің қауіпсіздігі мен заң үстемдігін нығайтуға ерекше мән беріп келеді. Бұл жоба өңірдің инфрақұрылымдық әлеуетін арттырып қана қоймай, қаржылық қауіпсіздік саласындағы жұмыстың сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Оның айтуынша, жаңа кешен заман талабына сай жабдықталып, қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалады.
Қазіргі таңда құрылыс алаңында жер қазу жұмыстары толық аяқталған. Үш блоктан тұратын ғимараттың екі блогының іргетасы қаланып біткен. Нысанда 12 техника мен 20-ға жуық жұмысшы еңбек етіп жатыр. Алдағы уақытта жұмысшылар саны 130 адамға дейін ұлғайтылмақ.
Жоба келесі жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр.





