Бес жылға жоспарланған жобаға 1 миллиард теңге бөлінген. Осы уақыт ішінде елдің үш өңірінде төрт миллионнан аса ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
Алғашқы кезең Абай облысындағы Семей орманы аумағында басталды. Бір кездері алапат өрттен зардап шеккен аймаққа бүгінде алғашқы 800 мың көшет егілді. Ендігі кезек – Іле Алатауы. Мұнда 5 гектар аумаққа 14 мың шырша отырғызылмақ.

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев бұл жоба туралы:
«Табиғатты қорғау – іс-шара емес, мәдениет. Біз табиғатқа жанашырлық танытпайынша, экономикалық өсім де ұзаққа бармайды. «Halyk орманы» және осындай жобалар – экологиялық мәдениетті өміріміздің табиғи бөлігіне айналдыру жолындағы маңызды қадам болмақ».
«Halyk» қорының Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, «Halyk» банкінің басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Сартаев:
«Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қайырымдылық қоры – Алматы, Астана және Абай облысы сияқты үш негізгі өңірде төрт миллион көшет отырғызу жөніндегі жобаны дер кезінде қолға алғаны үшін алғысқа лайық. Төрт миллион көшет – өте ауқымды көрсеткіш. Оның басым бөлігі Семейде отырғызылды, ал келесі демалыс күндері Астанада да осы іс-шара өтеді. Менің ойымша, бұл бастама еліміздің барлық өңірін қамтитын кең ауқымды әрі ұзақ мерзімді экологиялық жобаға айналады. Біз үшін «Halyk орманы» жобасы – жай ғана экологиялық жоба емес. Бұл – корпоративтік жауапкершіліктің, адамдық жылылық пен ортақ құндылықтардың айқын көрінісі».
Анықтама: «Halyk орманы» – «Halyk қоры» мен ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бірлескен жобасы. Бұған дейін 2025 жылы көктемде іске қосылған «GreenAct» экочелленджі қоғамда үлкен қолдау тауып, азаматтар мен ұйымдардың үздік экологиялық бастамаларына жол ашқан еді. Бұл жобаға елдің жетекші компаниялары мен белсенділері қатысып, ондаған тың идея ұсынды.





