Ресми мәліметке сәйкес, полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында шаруашылық аумағынан жалпы салмағы 49 келіден асатын каннабис тәркіленген.
Соттың анықтауынша, сотталған азамат 2025 жылдың көктемінде Еңбекшіқазақ ауданы аумағындағы шаруа қожалығында каннабис тектес өсімдіктерді заңсыз еккен. Тергеу барысында құрамында есірткі заттары бар 233 түп өсімдік табылып, тәркіленген. Сот сараптамасының қорытындысына сәйкес, алынған өсімдіктер аса ірі мөлшерге жататын каннабис екені анықталған.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірді.
«Жасалған қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесі, сотталушының жеке басы және жазаны жеңілдететін мән-жайлар ескеріле отырып, оған орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу үшін 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.





