Министрлік мәліметінше, биыл еліміз бойынша 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда соның 84%-ы, яғни 320 мыңға жуық бала мектепке қабылданған.
Олардың 296 мыңға жуығы мемлекеттік мектептерге, 23 мыңдайы жекеменшік білім беру ұйымдарына қабылданды. Қалалық мектептерге 191 мыңға жуық, ауылдық мектептерге 128 мыңдай бала тіркелген. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4 мыңға жуық бала білім беру ұйымдарына қабылданды.
Болашақ бірінші сынып оқушыларының 71%-дан астамы қазақ тілінде білім беретін сыныптарды таңдаған. 26%-дан астамы орыс тілінде, ал 2,5%-ға жуығы басқа тілдерде оқитын болады.
Министрлік өзге ұлт өкілдерінің 2 мыңнан астам баласы да қазақ тілінде білім беретін сыныптарға қабылданғанын айтады. Ведомство бұл көрсеткіш ата-аналардың қазақ тілінде білім алуға деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсететінін атап өтті.
Алматы облысы бірінші сынып оқушылары ең көп өңірлердің қатарында
Биыл бірінші сыныпқа баратын балалар саны бойынша Алматы облысы еліміздегі алдыңғы өңірлердің бірі болып отыр.
Ең көп бірінші сынып оқушысы Түркістан облысында күтіледі – 50 мыңнан астам бала. Ал Алматы облысында 35 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттайды. Астанада бұл көрсеткіш 33 мың, Алматы қаласында 31 мыңнан астам, Шымкентте 29 мыңнан асады.
Оқу-ағарту министрлігі мұны аталған өңірлердегі халық саны мен бала туу көрсеткішінің жоғары болуымен байланыстырады.
Құжаттарды 31 тамызға дейін тапсыруға болады
Бірінші сыныпқа құжат қабылдау Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығы негізіндегі пилоттық жоба аясында жүргізіліп жатыр.
Өтініштер 2026 жылғы 27 мамырдан 31 тамызға дейін кезең-кезеңімен қабылданады. Ата-аналардың шамамен 84%-ы құжаттарын электронды түрде тапсырған.
Құжаттарды eGov.kz электрондық үкімет порталы, eGov Mobile мобильді қосымшасы немесе таңдалған мектеп арқылы тапсыруға болады.
Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға құжаттарды мерзімінде рәсімдеуге кеңес береді. Қосымша ақпаратты таңдалған мектептен, eGov.kz порталынан немесе eGov Mobile қосымшасынан алуға болады.





