Ведомство мәліметінше, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қоғам арасында іріткі салуға, азаматтарды бір-біріне қарсы қоюға бағытталған материалдар жиі таралып жатыр. Осыған байланысты қадағалау органы мұндай әрекеттер заң аясында қатаң түрде жазаланатынын ескертті.
«Әлеуметтік желілерде қоғам арасында алауыздық тудыруға бағытталған арандатушылық сипаттағы жарияланымдар мен пікірлердің таралу фактілері тіркелуде. Мұндай әрекеттерге мүлдем жол берілмейді және олар заңға сәйкес қатаң түрде қудаланады», – делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Ведомство Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделетінін еске салды.
Заңнамаға сәйкес мұндай құқықбұзушылық үшін 2 мыңнан 7 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу немесе екі жылдан 20 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылған.
Сонымен қатар, Қазақстанда интернет пен онлайн-платформалар арқылы заңсыз контентті жариялауға және таратуға тыйым салынған. Егер жарияланған материалда қылмыстық құқықбұзушылық белгілері болмаса, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Бас прокуратура азаматтарды ақпараттың шынайылығын тексеруге шақырды. Ведомство өкілдері жалған ақпарат таратқаны үшін де жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Атап айтқанда, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-бөлігіне сәйкес жалған ақпарат орналастырғаны және таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Ал көрінеу жалған ақпарат тарату фактілері бойынша Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Қадағалау органы жауапкершілік тек жарияланым авторларына ғана емес, мұндай материалдарды әдейі таратуға қатысқан адамдарға да жүктелетінін атап өтті.
«Азаматтарды арандатушылыққа ермеуге, тексерілмеген ақпаратты таратпауға, қоғамдық келісім мен азаматтар арасындағы өзара құрметке нұқсан келтіруі мүмкін жарияланымдар мен пікірлерден бас тартуға шақырамыз», – деп мәлімдеді Бас прокуратура.
Ведомство қоғамдық келісім, этносаралық татулық пен өзара сыйластық Қазақстанның тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің негізгі кепілі болып қала беретінін айтады. Осыған байланысты құқық қорғау органдары «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін кез келген құқықбұзушылықтың жолын кесу жұмыстарын жалғастырады.





