Науқанның негізгі мақсаты – әйелдер мен қыз балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, сондай-ақ зорлық-зомбылықтың кез келген түрі міндетті түрде жауапкершілікке әкелетінін қоғамға кеңінен түсіндіру. Осы кезеңде білім беру ұйымдарында және еңбек ұжымдарында түсіндіру кездесулері ұйымдастырылады.
Іс-шаралар аясында заңгерлер, полиция қызметкерлері мен психологтардың қатысуымен дәрістер өтеді. Сонымен қатар жастарға жеке шекара мен қауіпсіз мінез-құлық дағдылары бойынша тренингтер жүргізіледі. Ата-аналарға балаларды қысым мен манипуляциядан қорғау жолдары түсіндіріледі.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, теледидар мен интернет кеңістігінде әлеуметтік роликтер, подкастар және сарапшылардың қатысуымен арнайы сұхбаттар жарияланады. Ақпараттық науқанды қолдау үшін блогерлер мен қоғамдық пікір көшбасшылары да тартылған.
Науқан аясында QURMET челленджі іске қосылады. Қатысушылар әлеуметтік желілерде фото, бейне және қысқа мәтіндер жариялау арқылы құрмет, жеке шекара және қауіпсіз қарым-қатынас құндылықтарын насихаттай алады.
Егер азаматтар зорлық-зомбылыққа, қудалауға немесе некеге мәжбүрлеуге тап болса, 102 нөмірі арқылы полицияға, 111 Ұлттық сенім телефонына, сондай-ақ өңірлердегі Отбасын қолдау және дағдарыс орталықтарына жүгіну мүмкіндігі бар.
Айта кетейік, 2025 жылғы қыркүйектен бастап Қазақстанда некеге мәжбүрлеу қылмыстық құқықбұзушылық ретінде заңнамамен бекітілген.




