Жедел жәрдем жүйесін жаңғыртудағы негізгі мақсат – шақыртуға жету уақытын қысқартып, әсіресе шалғай елді мекендердегі тұрғындарға медициналық көмекті дер кезінде көрсету. 2026 жылы лизинг бағдарламасы аясында облысқа 70 жаңа санитариялық автокөлік берілді. Жаңа көліктер жедел жәрдем автопаркін жаңартып, бригадалардың шақыртуларға жедел жетуіне мүмкіндік берді.
Ауылдарда жаңа жедел жәрдем пункттері ашылып жатыр
Медициналық көмекті тұрғындарға барынша жақындату үшін жедел жәрдем бригадалары орналасатын пункттердің саны да көбейтіліп жатыр.
Биыл Балқаш ауданының Бақбақты және Іле ауданының Көкқайнар-2 ауылдарында жаңа дислокациялық пункттер ашылды. Жыл соңына дейін облыста тағы бес пунктті іске қосу жоспарланып отыр. Жаңа пункттердің ашылуы бригадалардың белгілі бір аумақтарға жақын орналасуына және шақырту түскен жағдайда жолға кететін уақытты қысқартуға бағытталған.
Жедел медициналық көмектің сапасы тек жаңа көлік пен инфрақұрылымға емес, мамандардың дайындығына да байланысты. Осы мақсатта Гүлдала ауылындағы симуляциялық орталықта жедел жәрдем қызметкерлері заманауи хаттамалар бойынша практикалық даярлықтан өтіп жатыр.
2026 жылдың басынан бері орталықта 689 маман оқытылған. Мұнда қызметкерлер шұғыл жағдайда әрекет ету және науқасқа жедел медициналық көмек көрсету дағдыларын тәжірибе жүзінде жетілдіреді.
Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменовтің айтуынша, басты міндет – медициналық көмекті тұрғындарға жақындатып, шақыртуға жету уақытын қысқарту.
«Біздің басты мақсатымыз – тұрғындарға жедел әрі сапалы медициналық көмекті уақытында көрсету. Ол үшін автопаркті жаңартып қана қоймай, жедел жәрдем инфрақұрылымын кеңейтіп, мамандардың кәсіби даярлығын тұрақты жетілдіріп келеміз», – деді Ержан Сүлейменов.
Осылайша, Алматы облысында жедел жәрдем жүйесін жаңғырту үш бағытта жүргізіліп жатыр: автопаркті жаңарту, ауылдардағы дислокациялық пункттерді көбейту және мамандардың кәсіби даярлығын жетілдіру. Жыл соңына дейін тағы бес жаңа пункттің ашылуы шалғай елді мекендердегі жедел медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік бермек.





