Сарапшылардың мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстанның Электрондық еңбек биржасында 1,09 миллион бос жұмыс орны жарияланған. Мамандар еңбек нарығындағы кадрларға деген сұраныс алдағы уақытта да жоғары деңгейде сақталатынын айтады.
Болжам бойынша, ең көп жұмыс білім беру, денсаулық сақтау, өңдеу өнеркәсібі, мемлекеттік басқару, әлеуметтік қамсыздандыру, ауыл шаруашылығы және сауда салаларында тіркелмек.
2026 жылы ең сұранысқа ие 10 мамандық
Осы жылы ең көп сұранысқа ие болатын мамандықтар:
- әртүрлі жұмыстарды атқаратын жұмысшылар – 80,9 мың бос орын;
- басқа да біліктілігі жоқ жұмысшылар – 63,9 мың;
- аула сыпырушылар мен ашық аумақтарды тазалаушылар – 50,8 мың;
- қоғамдық ғылымдар пәнінің орта мектеп мұғалімдері – 33,5 мың;
- орта буын мейіргерлік күтім қызметкерлері – 26,3 мың;
- өңдеу өнеркәсібіндегі біліктілігі жоқ жұмысшылар – 22 мың;
- науқастарға күтім жасайтын қызметкерлер – 20,2 мың;
- кеңсе тазалаушылары – 20 мың;
- мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілері – 19,7 мың;
- ғимараттарды тазалаушылар – 19 мың.
Рейтингтен байқалғандай, еңбек нарығындағы негізгі қажеттілік жаппай жұмысшы мамандықтары мен әлеуметтік сала қызметкерлеріне тиесілі.
Неліктен жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары?
Сарапшылар мұны өндірістік және коммуналдық қызметтердің тұрақты жұмыс істеуімен байланыстырады. Экономикаға қажетті кадрлардың едәуір бөлігі біліктілігі төмен еңбек пен абаттандыру саласына қажет болып отыр.
Бұл өндіріс орындары, коммуналдық қызметтер, әлеуметтік нысандар мен қалалық инфрақұрылымның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін қызметкерлерге деген сұраныстың әлі де жоғары екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, мамандар мұғалімдер, тәрбиешілер мен мейіргерлерге деген қажеттіліктің сақталуын елдегі демографиялық өсіммен байланыстырады.
«Білім беру мен денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеме жыл сайын артып келеді. Сондықтан осы салалардағы кадр тапшылығы алдағы жылдары да өзекті мәселе болып қала береді», – дейді өтті сарапшылар.
Осылайша, еңбек нарығындағы үрдіс жоғары білімді мамандармен қатар қарапайым жұмысшы кәсіптерінің де экономика үшін аса маңызды екенін көрсетіп отыр. Бұл жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және кәсіби-техникалық білім беруді дамыту қажеттігін тағы бір мәрте дәлелдейді.





