2024 жылы 15-ші ақпанда Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің шығарылғанына 35 жыл толады. Осы айтулы күнге орай, облыс көлемінде қандай шаралар өткізілмек? Алматы облысында қанша Ауған ардагері бар?
Қазіргі уақытта, елімізде шамамен 10 000-ға жуық ауған ардагері бар. Оның ішінде, 1100 азамат Алматы облысында тұрып жатыр.
Ия, осы жылы 15-ші ақпанда Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің шығарылғанына 35 жыл толады. Бұл айтулы күнге орай, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің арнайы жоспары бар.
Осы жоспар аясында облыстікін дайындадық. Қонаев қаласы мен аудандарда танымдық сағаттар, ауған соғысы ардагерлерімен кездесу, еске алу кештері, кітапханаларда оқырман конференциялары мен спорттық жарыстар, Ауған ардагерлерін қабылдау мен ескерткіштер мен монументтерге гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылатын болады.
Ал, Алматы облысының әкімдігі тарапынан 14-ші ақпанда «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер Одағы» қоғамдық бірлестігінің аудандардағы филиал төрағалары мен басқа да белсенді ардагерлермен кездесу жоспарлануда. Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушы облыста тіркелген 1100 ардагерге, ҚР Қорғаныс министрлігі ұсынған эскиз негізінде, облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысымен, «ҚР Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайымен» медальдар жасалды. Мереке қарсаңында әр аудан әкімдігі ресми түрде медальдальдарды табыстайтын болады.
Қонаев қаласы мен аудан әкімдіктеріне, Ауған соғысы ардагерлерімен өзара іс-қимыл жүргізе отырып, қарым-қатынасты нығайту мақсатында, жоспарға сәйкес әртүрлі іс-шараларды өткізу, оның ішінде естелік медальдарын табыстауға тапсырмалар берілді.
Жалпы елімізде, Ауған соғысы ардагерлері мен олардың отбасыларына қандай әлеуметтік көмектер немесе жеңілдіктер қарастырылған?
Иә, бұл мәселе бойынша қазіргі кезде облыс әкімдігіне көптеген өтініштер түсуде. Мысалы, Ауған соғысы ардагерлерінің әйелдері, жесірлері әртүрлі көмектер, үй, жер, тіпті «Ауған соғысы ардагерінің жесірі» деген мәртебе беруді сұрайды. Біздің еліміз демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет болып саналатындықтан, кез келген мәселе заң аясында қаралатыны белгілі.
Ауған жеріндегі ұрыс қимылдарына қатысқан еліміздің азаматтарына, Қазақстан Республикасының «Ардагерлер туралы» Заңына сәйкес, «Басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері» мәртебесі беріліп, 5-бабы бойынша жалпы санатқа енгізілген. Аталған санатқа енгізілген ардагерлердің әйелдері немесе жесірлеріне қандай да мәртебе беру Заңда қарастырылмаған.
Алматы облысында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылдың 30 маусымында №523 «Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес, жергілікті өкілді органдар шешімімен, Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына, атаулы күнде бір рет 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік көмек қарастырылған.
Сонымен қатар, «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5- бабымен белгіленген, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне курорттық емделуге әлеуметтік көмек заттай нысанда немесе ақшалай түрде, жан басына шаққандағы орташа табысты есепке алмай, тегін көрсетіледі.
Бұл жөнінде нақты мәліметті Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан білуге болады.
Бұдан бөлек, Қонаев қаласында жолаушыларды тасымалдаушы мекеме басшылығы тарапынан Ауған соғысы ардагерлері және соған теңестірілген азаматтарға жол жүру құнына жеңілдіктер қарастырылған, Облыста жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының үйлестіруімен Жамбыл, Қарасай, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ аудандарында жеңілдіктер қарастыру жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, қазіргі таңда Алматы облысына қарасты, басқа аудандарда ауданішілік жолаушыларды тасымалдау қызметі жүзеге асырылған жағдайда белгілі бір осал топ санатына кіргізілген азаматтарға Қазақстан Республикасының «Автомобиль көліктері туралы» Заңының 476-II 20 бабына сәйкес жол жүру құнына жеңілдіктер қарастырылатын болады.
Бұл санаттағы адамдар мемлекеттен әлеуметтік көмектен басқа, тұрғын үй сұрап жатады. Басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлерінің тұрғын үй алу бойынша мәселелері қалай шешілуде?
Жоғарыда атап өткенімдей, Қазақстан Республикасының «Ардагерлер туралы» Заңының 6-бабында көрсетілген «Жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге» (Бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге) «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 74-бабына, сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан коммуналдық (жалға берілетін) тұрғын үйді бөлу мәселесі, ауданның тұрғын үй комиссиясының отырысында қаралатын болады және мұқтаждар есебінде тұрған азаматтарға кезектілік тәртібімен, яғни тұрғын үйлер салынып, тапсырылған кезде, үміткерлердің реттік кезегіне қарай беріледі.
Алматы облысы бойынша тұрғын үй кезегінде жалпы – 40 106 азамат тіркелген. Оның ішінде: «Әлеуметтік жағынан халықтың осал топтары» — 18 546 азамат. Ал жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер — («Басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері») санатымен – 189 азамат тіркелген.
Жалпы, бұл санаттағы азаматтардың мәселелері Қазақстан Республикасының «Ардагерлер туралы» Заңында егжей-тегжейлі жазылған.
Сұхбат берген – Алматы облысының ішкі саясат басқармасының Ақпараттық саясат және азаматтық бастамаларды қолдау бөлімінің бас маманы Фазылова Әсем Жеңісқызы.