2024 жылғы 12 қарашада Көлік министрінің міндетін атқарушының бұйрығымен жол қозғалысын уақытша шектеу қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды alataunews.kz.
Жаңа ережелерге сәйкес, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы көлік құралдарының қозғалысы арнайы бекітілген жол тізбесі мен индекстеріне сәйкес ұйымдастырылады. Сонымен қатар, жазғы және көктемгі кезеңдерде ауа температурасына байланысты ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеулер енгізілетіні нақтыланды.
Жазғы кезеңдегі шектеулер
Ауыр салмақты көлік құралдарына жаз мезгілінде:
- 1 маусым – 15 тамыз аралығында (сағат 11:00–21:00), температура +25°C жоғары болса, келесі өңірлерде қозғалысқа шектеу қойылады:
- Абай, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары.
- 1 маусым – 31 тамыз аралығында (сағат 10:00–22:00), келесі өңірлерде шектеу енгізіледі:
- Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Ұлытау облыстары.
Шектеулердің ерекшеліктері:
Жазда температура +25°C асқанда, жеке білікке түсетін жүктемесі 8 тоннадан асатын көліктердің қозғалысына күндізгі уақытта шектеу қойылады. Асфальт-бетон жолдарда бұл көрсеткіш 9 тоннаға дейін болады.
Көктемгі кезеңдегі шектеулер
- 1 наурыз – 1 сәуір аралығында Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Ұлытау облыстарында;
- 23 наурыз – 1 мамыр аралығында Абай, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында шектеулер қолданылады.
Көктемгі шектеулер бойынша да жеке білікке түсетін жүктеме 8 тоннадан асқан жағдайда қозғалыс уақытша тоқтатылады.
Шектеулерден босатылатын көліктер
Бұл шектеулер кейбір көліктерге қолданылмайды:
- Халықаралық жолаушылар және жүк тасымалдау көліктері;
- Азық-түлік, дәрі-дәрмек тасымалдаушылар;
- Төтенше жағдайлар қызметі;
- Гуманитарлық көмек көліктері;
- Құрылыс және әскери тасымал көліктері.
Жаңа қағида 2024 жылғы 26 қарашадан бастап күшіне енеді. Бұрынғы ережелердің бірқатары осы бұйрықтың негізінде өз күшін жояды.