Жиында әкім халықты қоғамдық көлікпен қамту мәселесі жайында айтты.
«Келесі жылы ауданішілік маршрутты, сондай-ақ халықты ірі елді мекендерге және одан әрі Алматы қаласына дейін тасымалдайтын автобус қатынастарын ұйымдастыруды тапсырамын (Кеген-Шелек, Кеген-Алматы)», — деді облыс әкімі.
Жалпы Алматы облысының қоғамдық көлік желісі 94 автобус маршрутынан тұрады. Биыл 29 әлеуметтік маңызы бар маршрутты субсидиялау үшін 1 млрд. 345 млн. теңге қаржы бөлінген.
Сонымен қатар өңір басшысы ауданда 32% жол жөндеуді қажет екенін сөз етті. Айтуынша, Кеген ауданында биыл 1 млрд. теңге бөлініп, «Кеген — Жалаңаш» облыстық маңызы бар жолдың 27 шақырымы жөнделді. Жылдың соңына дейін «Жалаңаш-Саты» — «Алғабас-Жіңішке» жолының 34 шақырымын жөндеу аяқталады. Оған бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлінген.
Марат Сұлтанғазиевтің сөзіне сүйенсек, ауданда 4 республикалық жол жөндеуді қажет етеді:
- «Кеген-Нарынқол»;
- «Көкпек – Кеген – Қырғызстанмен шекара (ТЮП)» және «Кеген асуын айналып өту жолы»;
- «Ақсай – Шонжы – Көлжат – ҚХР шекарасы»;
- «Көкпек – Жалаңаш – Саты – Күрметі – Көлсай көліне кіреберіс».
Бұл жолдарды «ҚазАвтоЖол» филиалы ендігі жылдан бастап жөндейді.