Алматы облысынан жарысқа 10 спортшы қатысып, 2 алтын, 3 қола медаль иеленген. Бүгін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев спортшылар мен жаттықтырушыларды қабылдады. Олардың қатарында стенд атудан алтын медаль иегерлері Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко, Ольга Панарина, Зоя Кравченко, ушу-сандадан қола медаль иегері Аян Тұрсын және т.б. спортшылар бар.
«Сіздер жоғары спорттық шеберлік және жеңіске деген құлшынысты таныта отырып Қазақстанды Азия ойындарда лайықты таныта білдіңіздер. Ел намысын абыроймен қорғап, жарқын жеңіс сыйладыңыздар. Сіздердің жеңістеріңіз спортты серік еткен жастарды жігерлендіріп, биік белестерге бастайтыны сөзсіз», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Ол өңірде спортты дамытуға үнемі қолдау болатынын атап өтті.
«Қазіргі таңда облыстың 35% тұрғыны спортпен айналысады. Біздің мақсат осы көрсеткішті 50%-ға жеткізу. Қонаев қаласында әзірше барлық спорт түрімен айналысуға мүмкіндік жоқ. Десе де, осы уақытқа дейін Oceanman (суда жүзуден жарыс), халықаралық шахмат турнирін, ескек есу секілді ауқымды додаларды өткіздік. Бұл шаралар ары қарай да өз жалғасын табады. Бұдан бөлек, ұлттық спортты дамыту мақсатында халықаралық «Сонар» бүркітші, саятшылар жарысын, Аламан, Құнан бәйгелер ұйымдастырдық. Жалпы Алматы облысы екіге бөлінгелі ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеттік», — деді өңір басшысы.
Сондай-ақ әкім, әсіресе, қыздардың жеткен жеңісін ерекше атап өтіп, жуырда аудандарда спорттық кешендер ашылатынын тілге тиек етті.
«Әсем сіз стенд атудан, Жібек қызымыз джиу-джитсудан, Аян Тұрсын ушу-сандадан биік белестерден көрінді. Бұл біз үшін мақтаныш. Қазақстанның гимні үлкен шаралар мен Олимпиада, Азиада, Универсиадада шырқалады. Сондықтан әр азамат үшін спортшылардың орны ерек. Алда келе жатқан Олимпиада ойындарында да жеңіс тілейміз. Жақында облыста 2 спорт кешені қолданысқа беріледі», — деді облыс әкімі.
Өз кезегінде мерген қыз Әсем Орынбай Алматы облысы әкімінің қолдауы үшін оған алғысын білдірді. Ол өңірде спортшылар үшін жақсы жағдай жасалып жатқанын сөз етті.
Содан кейін өңір басшысы спортшылар мен жаттықтырушыларға Құрмет грамотасы мен ақшалай сыйлықтар табыстады.