«Кепебұлақ ауылын ұялы байланыспен және интернетпен қамту мәселесі жылдар бойы шешімін таппай келген еді. 2021 жылы облыстық цифрлық технологиялар басқармасымен байланыс операторларына ауылды интернетке қосу туралы ұсыныстар жолданғанымен операторлар бұл істі «250+» жобасы аясындағы жұмыстар аяқталған соң қарастыратынын хабарлады. Биыл ақпан айында «КаР-Тел» ЖШС әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде Кепебұлақ ауылын 4G стандартындағы интернетпен қамтуды міндетіне алды. Әдетте базалық станция құрылысы бір жылға дейін созылады. Бірақ мемлекеттік органдар тарапынан келісу рәсімдерін мүмкіндігінше жеделдету нәтижесінде жұмысты мерзімінен бұрын аяқтадық», — деді облыстық цифрлық технологиялар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Ақыл.
Айта кетейік, Кепебұлақ ауылындағы Исахметов атындағы мектепте сапалы интернет желісі жоқ. Осы мәселені шешу үшін аудандық білім бөлімі мектепке талшықты-оптикалық байланыс желісін тартуға ашық конкурс жариялады. Нәтижесінде, «Bim-Revit» ЖШС 15,8 млн теңгеге конкурстан жеңіп алған еді. Келісімшартқа сәйкес, биыл 3 -қыркүйекке дейін өздеріне жүктелген міндетті толық орындауы тиіс.
«Талшықты-оптикалық байланыс желісі жерасты жолдарымен мектепке жеткізілген соң, «Қазақтелеком» АҚ өз балансына алып, мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етеді», — дейді Жандос Ақыл.
Жауаптылардың сөзіне сүйенсек, аймақты интернетке қосу жұмыстары мұнымен шектелмек емес. 2024 жылы «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы аясында Кепебұлақ ауылындағы фельдшерлік акушерлік пунктке, жекеменшік балабақшаға талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарланған.





