Ол үшін Тасмұрын каналында үрлемелі бөгет салу қажет. Бұл қымбат жоба болғанымен, ауылшаруашылық жерлерін ұтымды пайдалану үшін қажет. Балатопар ауылының маңындағы Топар өзенінің арнасын тазалау қажет. Бірлік ауылының маңындағы аумақтың шөлейттенуі оның тұрғындарын да алаңдатуда.
Аталған мәселелер облыстық мәслихат төрағасы Талғат Байеділовтің аймақтағы ағайынмен кездесуінде талқыланды.
Талғат Байеділов жыл соңында облыс бюджетіне өзгерістер енгізілетінін, айтылған мәселелерге мүмкіндігінше қаражат бөлуді қарастыратынын алға тартты.
«Аудандардың кешенді дамуынсыз бүкіл облыстың дамуын жаңа деңгейге көтеру мүмкін емес. Сондықтан мәслихаттар үшін негізгі міндет өз өңірінің дамуына үлес қосу», — деді облыстық мәслихат төрағасы.
Келелі кездесуде Балқаш ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Дәрібаев облыстық мәслихаттан Бақанастағы Қонаев атындағы саябақты кеңейтуге және абаттандыруға, екі көшенің арық желісін қайта жаңартуға, Жиделі ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуге жәрдем көрсетуді сұрады.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаттары Бақбақты және Балатопар ауылдарындағы дәрігерлік амбулаторияларды, жалғыз кәсіптік-техникалық колледждің жатақханалары мен шеберханаларын күрделі жөндеуге қаражат бөлуді сұрады.
Іс-сапар соңында Талғат Байеділов өңірдегі «Бауыржан 7» шаруа қожалығына бас сұғып, егістігін аралады. Егіншілердің айтуынша, олар егіннен биыл жақсы нәтиже күтіп отыр. Орта есеппен әр гектардан 18 центнер жинау жоспарлануда. Бидай жинауды сәтті аяқтау үшін барлық қажетті техника мен еңбек ресурстары жеткілікті.
Балқаш ауданы бойынша жұмыс сапарын аяқтаған облыстық мәслихат төрағасының кездесуі басқа аудандарға да жоспарланған. Басты мақсат — ауыл тұрғындарын толғантқан мәселелердің алдын алу.
«Кездесу барысында бізге бірқатар ұсыныстар, өтініштер айтылды, олардың әрқайсысын зерттеп, мүмкіндігіншеқаражат бөлеміз», — деді Талғат Байеділов.
Сондай-ақ, ол Балқаш ауданы халқының өмір сүру деңгейі айтарлықтай өскенін, инфрақұрылым жақсарғанын, іскерлік белсенділіктің артқанын айтты.





