«Бізге осы тектес жарыстар аса қажет екеніне көзіміз жетті. Қазақстандықтардың осы додаға көптеп қатысқанына қуаныштымыз. Қапшағай су қоймасы ірі шараларды өткізуге қолайлы аймақ. Мұнда су таза, жағажайлар да жақсы, халықаралық әуежай да жақын. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 24 жүзу көліктері және ТЖД-нің 6 үлкен қайығы жұмылдырылды», — деді «Oceanman Kazakhstan» франшизасының иесі Ералы Оралов.

Бұған дейін жазғанымыздай, қатысушылар 4 қашықтық бойынша өзара бәйгеге түсті. Одан бөлек, жарыстың екінші күні мүмкіндігі шектеулі балалар 800 метрге және 1,5 шақырымға жүзді.

«Биыл әлемнің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылған 3 түрлі Оушенмэнге қатыстым. Үшеуінде де жеңімпаздар қатарынан көріндім. Әрине, дайындалмаған адамға 5, 10 шақырымды бағындыру қиынға соғады. Бірақ, мен ашық суда жүзуден Қазақстанның чемпионы, рекордсменімін. Қазіргі таңда жаттықтырушы болып қызмет етемін. Балаларды бақтарын сынап көру үшін жарысқа қатыстырдым», — деді 20-29 жас аралығында сынға түсіп, «HALF OCEANMAN 5 км» жеңімпазы атанған Ришат Рачапов.

Барлық қиындықтарға қарамастан, жарысқа қатысуға ниет білдірушілер көп болды. 1400 қатысушы — бұл Оушенмэннің барлық кезеңіндегі рекордтық көрсеткіш. Биыл қазақстандықтардың еншісінде бірінші күннің өзінде-ақ 13 алтын медаль қалды. Әйелдер арасында ашық суда жүзуден ҚР спорт шебері, Орта Азия ойындарының күміс жүлдегері Ирина Лазарева абсолютті есепте жеңімпаз атанды.
«Мен Алматыдан осы халықаралық шараға арнайы қатысуға келдім. Бұрынғы кәсіби спортшы ретінде бірден 10 км қашықтыққа бардым және оны жүзіп өтуге дайын болдым. Бірақ ауа-райының әсерінен қашықтық 5 км-ге дейін қысқарды, бұл маған қосымша серпін берді, яғни жеңу оңайырақ болды», – деп 40-49 жас санатындағы «OCEANMAN 10 км» жеңімпазы Ирина Лазарева өз әсерімен бөлісті.
Сондай-ақ бірінші рет қатысып, жеңімпаз атанғандардың да қуанышында шек болмады. Олардың бірі – Айнагүл Такеева.
«Мен мұндай жарысқа алғаш рет қатысып отырмын. Сондықтан көптеген әсер алдым. Ұзақ қашықтықты еңсеру оңай болған жоқ. Бала кезімде жүзумен айналыстым, тіпті жасөспірімдер арасында Ақмола облысының чемпионы болдым», — деді 20-29 жас санатындағы «HALF OCEANMAN 10 км» жеңімпазы Айнагүл.
Біліктілік жүйесіне сәйкес, әр кезеңде алғаш келген 10 әйел мен 10 ер адам желтоқсанда Тайландта өтетін финалға қатысады. Жоғарыда аталғандардан бөлек, Эльдар Шекербек, Александр Слепченко, Антон Логинов, Дархан Тоғатаев, Айсұлтан Дидарбеков, Әлихан Сапарбеков, Алмас Жекеев, Байжан Қанафин, Наталья Костенко, Бақтыгүл Әлімбекова жерлестеріміз жарыстан жүлделі қайтты.






