Халықаралық турнир Қонаев қаласы маңындағы «Heaven club» демалыс орнында 8-9 шілде күндері өтеді.
Алғаш рет 2015 жылы Италияда ұйымдастырылған Оушенмэн франшизасы тез арада бүкіл әлемге танымал боп шыға келді. Бағындырылатын қашықтықтарға спортшылар да, әуесқойлар да қатысады. Мысалы, әуесқойлар 1-1,5 шақырыма жүзсе, спортшылар 5-10 шақырымға жүзеді.
Былтыр Қонаевта өткен жарысқа 3000-ға жуық қатысушы мен жанкүйер жиналған еді. Биыл шараның ауқымы кеңейіп, қатысушылардың өзі 1800-ге жетеді деп жоспарланып отыр. 16-70 жас аралығындағы қатысушылар 8 санатта өзара бәйгеге түседі. Оушенмэнге 20-ға жуық мемлекеттің өкілдері келеді.
8 шілде күнгі жарыс 2 кезеңнен тұрады: «OCEANMAN 10 км» және «HALF OCEANMAN 5 км». Ал 9 күні «SPRINT 1,5 км» және «OCEANKIDS 800 м» өтеді.
Естеріңізде болса, былтыр қазан айында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен «Oceanman Kazakhstan» франшизасының иесі Ералы Оралов Қапшағай су қоймасында спорт додасын екінші рет өткізу туралы Меморандумға қол қойған болатын.





