Атаулы күнге орай, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қаланың негізін қалаушылармен, ардагерлермен, депутаттармен кездесті.
«Қонаев қаласы инфрақұрылымы дамыған, өмір сүруге қолайлы, заманауи нысандар көптеп салынған, жарқылдаған жастардың қаласы болары анық. Себебі Президентіміз Қонаев қаласын жан-жақты дамытуды тапсырған және өзінің жеке бақылауына алған», — деді жиында өңір басшысы.
Ол бұл қала – тарихи әділеттіліктің айшық көрінісі, ұлы тұлғаға берілген лайықты баға екенін атап өтті.
«Жаңа облыс орталығына мемлекет және қоғам қайраткері, халқымыздың ардақты азаматы Дінмұхамед Қонаевтың есімінің берілуі де тегін емес. Өйткені бұл қала Дінмұхамед Ахметұлының бастамасымен салынған 43 қаланың бірі және бірегейі. Осы орайда, Қапшағайдың атауын Қонаев деп өзгерту туралы бастаманы көтерген жерлестеріме, мәслихатта қолдаған депутаттарға алғысымды білдіремін», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Жұртшылықты облыстың төл мерекесімен құттықтаған аймақ басшысы негізгі мақсат — алға қойылған міндеттерді бірлікпен, абыроймен атқарып, Алматы облысын дамудың жаңа деңгейіне шығару, Қонаев қаласын заманауи қала ету екенін де тілге тиек етті.
Ал жиынға қатысқан шаһардың негізін қалаушылардың бірі Мұхтар Айсауытов келешекте Алматы облысы бүкіл Қазақстан үшін туристік әлеуетті тиімді іске асырудың үлгісі болуы қажет екенін атап өтіп, пікірімен бөлісті.
«Енді біздің қаламыз көркейеді, жанданады. Біз салған даңғыл жол одан ары жалғасын табады. Қонаев қаласы гүлденіп, экономикасы дамып, көп ұзамай, мұнда бірқатар нысандар салынып, жаңа жұмыс орындары ашылады, туристер көбейеді. Мен оған кәміл сенемін. Алматы облысы бүкіл Қазақстан үшін туристік әлеуетті тиімді іске асырудың үлгісі болуы тиіс. Күш — бірлікте. Сол бірліктің арқасында облысты одан әрі қарай дамытамыз», — деді ол.
Кездесу соңында Марат Сұлтанғазиев бірқатар азаматқа «Құрмет» грамотасын табыс етті.