Жарыс 7 мамырдан 9 мамырға дейін жалғасады. Марафонға әлемнің түкпір-түкпірінің 30 елінен келген 2300 спортшы қатысып жатыр. Оның ішінде Алматы облысының 500 спортшысы бар. Ал көрермендер саны 5000-ға жуық.
Марафон 2015 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Биыл алғаш рет спортшылар 100 шақырымға жүгірді. Бұдан бөлек, марафоншылар 1, 3, 15, 30, 50 шақырымға жүгірсе, велосипедшілер 50 және 100 шақырымды бағындырады.
Жарыстың ашылу салтанатына өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Құрметті біздің өңірдің қонақтары, жерлестер кеш жарық болсын! Сіздерді марафонның ашылуымен құттықтаймын! Марафонды тамашалауға жұртшылықтың көп жиналғаны қуантады. «Tengri Ultra» дәстүрге айналған шараның бірі және ол өрмінезділіктің, ерліктің, патриоттықтың белгісіне айналған мерекемен тұспа-тұс келді. Марафон да адамдардың кеудесінде осындай сезімдер тудырып жатқанына сенімдімін. Барлығыңызға сәттілік тілеймін! Мықтылар жеңіске жетсін!», — деді облыс әкімі.
Сонымен қатар Марат Сұлтанғазиев 100 шақырымды бағындырған велоспортшыларды марапаттады. Өз кезегінде ерлер арасында жеңімпаз атанған Евгений Яковенко марафонның қызықты өтіп жатқанын айтып, сезімімен бөлісті.
«Жарысқа менің достарым қатысып жатыр. Мен де өз бағымды сынап көрмек болдым. Мұнда тек марафон ғана өтіп жатқан жоқ, адамдар демалып жүр, яғни, бұл — таза ауада тынығудың бір түрі десек болады. Спорт бәрінің басқосуына себеп қана. 100 шақырымды 3 сағат 54 минутта жүріп өттім. Таулы маршрут ұнады. Біздің командадан жарысқа 15 шақты спортшы қатысып жатыр», — деді Евгений.
Ал дәл осындай қашықтықты жүгіріп өткен спортшы марафонның табиғаты тамаша жерде ұйымдастырылғанын алға тартты.
«Жүгіріп келе жатып, ең бірінші, әдемі жерлерге көзің түседі әрі көрініс үнемі ауысып отырады. Бүгін жеңімпаз атану ойда болмады. Дегенмен, 10 сағат 15 минут жүгіріп, 3-орынды иелендім. Жүгіруге ешқандай кедергі жоқ. Шараның ұйымдастырылуы да өте ерекше», — деді спортшы Нияз Жанұзақов.
Сондай-ақ спортшылар белгілі бір ұпайды жинап, келесі марафондарға қатысуға мүмкіндік алатынын айта кеткен жөн.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге іссапары барысында «Tengri Ultra» секілді халықаралық шаралардың өтуі Алматы облысының туризмі дамуына ықпал ететінін атап өткен болатын. Марафонды ұйымдастырушы — «Экстремальная Атлетика» компаниясы. Ал өңір әкімдігі жарыс өтетін орынның инфрақұрылымын жасап, халықтың интернетпен қамтылуына, жарнамалануына жағдай жасаған.