Спикер қызылордалық көпбалалы аналармен кездесіп, Халық партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Халық партиясы балабақшадан бастап қазақстандықтарға медициналық қызмет көрсету мен білім беруді тегін етуді қолдайды.
Кандидат Гаухар Танашева мемлекет балалардың өмірін құтқаратын және тәрбиелейтін барлық мамандарға лайықты жалақы төленуі тиіс деген пікірде. Сондай-ақ, ол еліміздегі көпбалалы аналар мәселесін тарқатып айтты.
«Мен ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған және жалғызбасты аналардың мәселесін жақсы білемін. Олардың жанайқайына биліктегілер құлақ аспай келеді. Сондықтан Халық партиясы Үкіметке ауылдық жерлерде көпбалалы отбасылар үшін тегін тұрғын үй салудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді талап етеді. Біздің партия атаулы әлеуметтік көмектің орнына әр балаға ең төменгі жалақы 70 мың теңге көлемінде жәрдемақы төлеуді қолдайды», – деді спикер.
Бұдан кейін әлеуметтік саладағы қордаланған мәселелер де айтылды. ҚХП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Қанатбек Маханов ауылдық жерлерді және ауылшаруашылық саласын дамыту, таза су, жарық, жол мәселесін тілге тиек етті. Жиын соңында көпбалалы аналар көкейіндегі сауалдарын жолдап, тұщымды жауап алды.