Алматы облысына қарасты «Алмагүл» саяжайында 14 үйді су басып, бірнеше үй жарамай қалған. Бұл туралы Алматы телеарнасы хабарлады.
Өйткені ауыл маңынан өтетін кәріз құбыры жарылған. Ал, тұрғындар әзірге жергілікті билік ешқандай шара қолданбады дейді. Енді қыс аяғы қыспаққа алған мәселені тездетіп шешіп берсе деп отыр.
Арнасынан асқан кәріз суы лезде ауланы алып, жертөлені сасық су басқан. Аяз болған соң оны шығарып тастаудың өзі бір қиямет болған көрінеді, көпшілік қолданбаған амалымыз қалмады дейді.
«Менің үйім еді, зақым келді, ешкім келген жоқ, көмек берген жоқ. Бірінші күні келді де бір рет суды сорды да кетіп қалды. Кеше келді, 5 шелек су шашып, хлор шашып кетіп қалды. Адам иіскеу мүмкін емес, уланып жатырмыз», – дейді Гүлім Оспанбаева.
Кейбір отбасы қаланың бүкіл қалдықтары ағатын құбыр жарылып, тесіктен үйіне сасық су кірген соң, басқа пәтер жалдап тұруға мәжбүр болған.
Жертөлесі жарылып, қабырғасы құлауға шақ қалған кей тамның иесі көршілерін паналай тұрудан басқа амалы қалмағанын айтады.
«Кәріз жүретін құбыр ол «Гейт сити» қалашығынан «Алматы су» коллекторына келіп қосылатын құбыр. Сол құбырда апатты жағдай орын алған. Тексеріс кезінде бұл құбыр 2021 жылы ауданның теңгеріміне өткен. Құбырдың жарылуының себебін нақты айта алмаймын», – дейді Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі Жасұлан Оңалбаев.
Құбырдың не себепті жарылғаны нақты белгісіз. Округ әкімі оның нәтижесі комиссияның тексерісінен кейін белгілі болады дейді.