Қаңғыған иттер топ-топ болып жиналып, өтіп бара жатқандарға шабуыл жасайды. Сондықтан балаларды күнде мектепке шығарып салып, күтіп алуға тура келеді. Әсіресе түнде қауіпті, дейді.
«15 шақты ит тобымен жүреді. Ал менің төрт балам бар, барлығы мектепте, кішісі балабақшаға барады. Біздің көшеде 13 жас шамасындағы қызға қара ит тап берді, ол қатты айғайлады, өте қорқынышты. Ақтауда ит қапқан бала қайтыс болды. Бұл қорқынышты. Сол жағдай бізде де қайталанғанша күтіп отыруымыз керек пе?», — дейді Ават ауылының тұрғыны Венера Мансурова
Мәселе биыл ғана көтеріліп отырған жоқ. Оны шешуді сұрап халық жергілікті басшыларға талай жүгінгенін айтады. Аваттықтар қазан айының ортасында «итті аулау керек» деп өтініш жазған, бірақ ешкім жауап қатпаған.
«Әкімдікке хабарластық. Олар ештеңе шешпеді. Әкімдік «шара қолданамыз» деп уәде беріп, шара қолданбайды. Иттерді ешкім аулаған жоқ. Суық түсті, иттерді аштық қыса бастайды, мұнда қарғыбауымен қаңғып жүреді», — дейді Ават ауылының тұрғыны Жанна Насретдинова.
Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі қаңғыған ит мәселесімен жүйелі түрде айналысатынына сендірді. Жыл басынан бері 2 мыңнан астам ит ауланған. «Бірақ қаңғыған иттердің азаймай жатқанына ауыл тұрғындарының өздері кінәлі» деп отыр әкімдіктегілер. Олар үй жануарларын асырап алып, содан кейін оны көшеге қаңғытып жібереді.
«Мәселе қаңғыған иттердің көптігінде емес, адамдар оларды дұрыс ұстамауында. Дұрыс бақпау, ит бағу ережелерін бұзу, міне, мәселе қайда жатыр? Өйткені қазір адамдар итін байламайды. Күндіз есігінің алдында жатады, түнде көшеге шығады, мұндай проблемалар содан туындайды», — дейді
Еңбекшіқазақ ауданы ветеринарлық станциясының меңгерушісі Еркен Биханов.
Жыл басынан бері иттерін дұрыс бақпағаны үшін ондаған ауыл тұрғынына 350 мың теңгеден астам айыппұл салынды.





