Бұл сайыс облыстық жасөспірімдер спорт мектебінде өтті.
«Мұндай іс-шараларды өткізудің басты мақсаты — мүгедектігі бар жеткіншектерді қоғаммен етене жақын араластыру, спортқа бейімдеу, көңілдерін көтеру. Сонымен қатар балаларға бас-көз боп отырған ата-ана да осындай сайыстарда бой жазып, рухани демалып қалатыны сөзсіз», — деді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы Жұмагүл Әйтенова.
Балақайлар мен олардың ата-аналары «Кім жылдам?», «Паравоз», «Мерген», «Үлкен дөңгелек», «Арқан тартыс», «Кім епті» секілді 8 кезең бойынша бар күштерін салып, жарысты.
«Бүгінгі өткен іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Осындай сайыстар үнемі өтіп жатады. Балалар арасындағы бәйге өте жоғары деңгейде болды. Олардан бөлек, өзіміз де бір марқайып қалдық», — деді Байсерке ауылының тұрғыны Айнұр Бәкенова.
Жарыс соңында жеке және топтық додада өнерлерін ортаға салған барлық қатысушыларға медальдар мен тәттіге толы қорапшалар табыс етілді.





