Облыстық әкімдіктің мәліметінше, бүгінде егін жинау жұмыстары жалпы егістік алқаптың 99,6 пайызында аяқталған. Қалған алқаптардағы жұмыстарды қараша айының соңына дейін толық бітіру жоспарланып отыр. Биыл өңірде дәнді дақылдардан мол өнім алынған. Әсіресе, жүгері түсімі айтарлықтай артты. Жиналған жүгері көлемі 560 мың тоннаға жетіп, былтырғыдан 272,5 мың тоннаға көбейді. Арпа түсімі де жоғары. Биыл шаруалар 155,5 мың тонна арпа жинаған. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 121,2 мың тонна болған. Сондай-ақ бидай көлемі 60,3 мың тоннадан 91,5 мың тоннаға дейін өсті. Көкөніс пен бақша дақылдарының түсімі де көңіл көншітерлік. Облыс шаруалары 291 мың тонна картоп және 73,7 мың тонна бақша өнімдерін жинады.
Өнім жинаудан Еңбекшіқазақ ауданы көш бастады
Аудандар арасында ең жоғары көрсеткіш Еңбекшіқазақ ауданында тіркелді. Мұнда 532,6 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі жиналған. Оның 263 мың тоннасы – жүгері.
Екінші орында 428,6 мың тонна өнім жинаған Жамбыл ауданы тұр. Ауданда негізінен арпа, бидай және мал азықтық дақылдар өсіріледі.
Ал Іле ауданы 275,9 мың тонна өніммен үздік үштікті түйіндеді. Бұл аудан майлы дақылдарды жинау көлемі бойынша облыста бірінші орынға шыққан.
Биыл Алматы облысындағы жалпы егістік алқап 439,9 мың гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 мың гектарға артық.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлының айтуынша, өнім көлемінің артуына заманауи агротехнологияларды қолдану, су үнемдеу жүйелерін енгізу және минералды тыңайтқыштарды тиімді пайдалану ықпал еткен.
Ауыл шаруашылығы өнімдері Қытай мен Орталық Азия елдеріне экспортталады
Өңірде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің басым бөлігі ішкі нарыққа бағытталады. Бидай мен мал азықтық дақылдар жергілікті қажеттілікті қамтамасыз етуге жұмсалса, жүгері мен көкөніс өнімдері еліміздің басқа өңірлеріне де жеткізіледі. Сонымен қатар Алматы облысында өндірілген жүгері, ұн, макарон өнімдері, майлы дақылдар мен өсімдік майлары шетел нарығына экспортталады. Негізгі сауда серіктестері – Қытай мен Орталық Азия мемлекеттері.
«Соңғы жылдары Қытайға жүгері мен одан өндірілетін өнімдерді жеткізу көлемі артып келеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында облыстың жалпы экспорты 811,7 млн АҚШ долларын құрады. Оның 479,3 млн доллары немесе шамамен 59 пайызы азық-түлік тауарлары мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесіне тиесілі. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда облыстың жалпы экспорт көлемі 60,2 пайызға өскенін көрсетеді», – деді Бақытнұр Бақытұлы.
Биыл күзгі дала жұмыстарына 295 бригада мен 3,9 мың ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Жиналған астықты сақтау үшін лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары мен шаруашылық қоймалары пайдаланылуда. Лицензияланған кәсіпорындардың сақтау сыйымдылығы 62 мың тонна болса, шаруашылық қоймаларын қоса есептегендегі жалпы сыйымдылық 180,2 мың тоннаны құрайды.
Алматы облысында келесі жылы егістік алқапты 441 мың гектарға дейін кеңейту жоспарланып отыр. Бұл биылғыдан 1,1 мың гектарға артық. Негізгі басымдық дәнді және бұршақты дақылдарға, жүгеріге, майлы және мал азықтық дақылдарға беріледі. Атап айтқанда, жүгері егілетін алқапты 65,5 мың гектарға, ал мал азықтық дақылдар алқабын 212,5 мың гектарға дейін жеткізу көзделген.
Өңірде ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайту, өнімділікті арттыру және экспорттық әлеуетті дамыту жұмыстары алдағы жылы да жалғасады.





