Қарасай ауданы Алматы облысының экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отыр. 2023 жылдан бері ауданның негізгі капиталына 803,7 млрд теңге инвестиция құйылған. Осы уақыт аралығында жаңа өндіріс орындары мен логистикалық кешендер іске қосылып, 17 мың жұмыс орны құрылған. Ал биыл 4 775 тұрғын жұмыспен қамтылған. Қазіргі уақытта ауданда жалпы құны 130 млрд теңгеге бағаланған 20 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Өңірдегі өнеркәсіп өнімінің төрттен бірі Қарасай ауданында өндіріледі. Аудан аумағында 19 ірі және орта кәсіпорын жұмыс істейді. Шағын және орта кәсіпкерлік те қарқынды дамып келеді. Бүгінде 33 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісінде 62 мың адам еңбек етеді.
Халық санының артуына байланысты білім беру нысандарына сұраныс та жоғары. Соңғы төрт жылда ауданда 13 мектеп жаңадан салынып, қолданыстағы білім ошақтарына үш қосымша ғимарат тұрғызылған. Соның нәтижесінде үш ауысымды оқыту мәселесі толық шешілген.
2026–2027 оқу жылында аудан мектептерінде 106 мыңнан астам оқушы білім алуда. Сонымен қатар 200 балабақшада 13 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр.
Денсаулық сақтау саласында да жаңа нысандар пайдалануға берілуде. Абай және Үштерек ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар ашылып, Қаратөбедегі фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталған. Бұдан бөлек, аудандық ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта Қаскелең қаласында перинаталдық орталық пен көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарланып отыр.
Аудандағы өзекті мәселелердің бірі – халықты сапалы ауызсумен және тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету. Бүгінде Жаңатұрмыс, Қаратөбе, Жармұхамбет және Қайрат ауылдарында ауызсу жүйелерінің құрылысы аяқталған. Ал Елтай, Шалқар және Кемертоған елді мекендерінде су құбырларын тарту жұмыстары жалғасуда. Электр инфрақұрылымын жаңғырту аясында Көксай, Іргелі және Жібек жолы ауылдарында 595 электр бағанасын ауыстыру және 7,6 шақырым электр желісін жаңарту көзделген.
Аудан әкімдігі жол сапасын жақсарту мен қоғамдық көлік қатынасын кеңейтуге де басымдық беріп отыр. Биыл 21 елді мекендегі 77 көшені жөндеуге бюджеттен 2,8 млрд теңге қарастырылған. Осы қаржы есебінен 68 шақырымнан астам жолды қалпына келтіру жоспарланған.
Сондай-ақ көлік қозғалысын жеңілдету мақсатында Алматы–Бішкек тасжолының бір бөлігін төрт жолақтан сегіз жолаққа дейін кеңейту жұмыстары басталған.
Қоғамдық көлік жүйесінде де өзгерістер бар. Қазір аудан аумағында 35 автобус бағыты қызмет көрсетеді. Соның 25-і кейінгі үш жылда ашылған.
Қарасай ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар халық санының өсуіне байланысты туындаған инфрақұрылымдық қажеттіліктерді өтеуге бағытталған. Алдағы уақытта да инвестиция тарту, өндірісті дамыту, әлеуметтік нысандар салу және елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасады. Негізгі міндет – экономикалық өсіммен қатар тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту.





