Advertisement
Қазақстан жаңалықтары - Alataunews
  • Русский язык
  • Басты бет
  • Жаңалықтар
  • Әлем
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мақала
  • Сұхбат
No Result
View All Result
Whatsapp
  • Басты бет
  • Жаңалықтар
  • Әлем
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мақала
  • Сұхбат
No Result
View All Result
Қазақстан жаңалықтары - Alataunews
No Result
View All Result
Басты бет Жаңалықтар

Іле ауданында жаңа мектептер салынып, саяжайлар ауыл құрамына қосылады

Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов Іле ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықты толғандырған мәселелерді талқылады. Жиында үш ауысымды мектептер, саяжайлардың мәртебесі, жол инфрақұрылымы, медициналық және спорт нысандарының құрылысына қатысты сауалдар көтерілді, деп хабарлайды alataunews.kz.

Қорлан Нұрланқызы
14.11.2026
Жаңалықтар

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде Іле ауданы облыс бюджеті кірісінің 50 пайызға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Биылғы тоғыз айда аудан бюджетінің жалпы кірісі 512 млрд теңгеге жеткен. Жыл басынан бері ауданда 210 млрд теңгеге 17 ірі және орта жоба іске қосылып, 1200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған. Жыл соңына дейін жалпы құны 12 млрд теңге болатын тағы үш жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 300-ден астам тұрғын жұмыспен қамтылмақ. Облысқа тартылған инвестицияның 25,7 пайызы Іле ауданына тиесілі.

Үш ауысымды мектептер мәселесі қалай шешіледі?

Кездесуде көтерілген ең өзекті мәселелердің бірі – мектеп тапшылығы. Әсіресе, Ақсай ауылының тұрғындары білім беру нысанының жағдайына алаңдаулы. Ауылдағы мектеп 1958 жылы салынған. Оқушылар үшінші жыл қатарынан үш ауысымда білім алып келеді. Ал бастауыш сынып оқушылары ауылдағы мәдениет үйінде оқуға мәжбүр.

«Балаларымыз жаңа, заман талабына сай мектепке қашан ауысады?» – деп сұрады тұрғындардың бірі.

Облыс әкімі Ақсай ауылында жаңа мектептің құрылысын келесі жылдың көктемінде бастау жоспарланып отырғанын жеткізді.

«Өкінішке қарай, Іле ауданы елімізде үш ауысымды оқыту бойынша алдыңғы орында тұр. Бұл түйткілді шешу үшін бар күшімізді саламыз», – деді Шыңғыс Әрінов.

Биыл «Келешек мектептері» жобасы аясында Нұрғиса Тілендиев ауылында 900 орындық мектеп пайдалануға берілген. Сонымен қатар Өтеген батыр, Байсерке және Жайнақ ауылдарында жеке инвесторлардың қаражаты есебінен жаңа мектептер салу жоспарланып отыр.

Іле ауданында саяжайларда тұрақты тұратын тұрғындар саны жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты Көкқайнар, Жәпек батыр, Асқар Тоқпанов және Жайнақ ауылдарының бас жоспарлары бекітіліп, олардың шекарасына 61 саяжай енгізілген. Қалған 49 саяжай кезең-кезеңімен елді мекендердің құрамына қосылмақ. Кездесуде тұрғындар «Жастар» саяжайының Жайнақ ауылына қашан қосылатынын сұрады. Аудан әкімінің айтуынша, тиісті жоба мемлекеттік сараптамаға жолданған. Жыл соңына дейін оң қорытынды алынса, саяжай келесі жылы ауыл құрамына енгізіледі.

Сонымен қатар Ащыбұлақ ауылдық округіндегі «Жомарт» саяжайында 1,7 млрд теңгеге сумен жабдықтау желісінің құрылысы мен жаңғырту жұмыстары аяқталған. Нәтижесінде 6 мыңға жуық тұрғын орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілді.

Жиында тұрғындар жол, жарық, ауызсу, газ, қоғамдық көлік пен аялдамалардың жағдайына қатысты мәселелерді көтерді. Байсерке мен Өтеген батыр ауылдарының арасындағы теміржол өткелінде жиі болатын кептеліс те сөз болды. Тұрғындар аталған аумақта көпір салуды сұрады. Облыс әкімінің айтуынша, көпір құрылысы келесі жылы басталады. Биыл аудандағы 17 ауылда жалпы ұзындығы 78 шақырым болатын автомобиль жолдарын жөндеуге 3,2 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде 107 көше жөндеуден өтті. Сондай-ақ Өтеген батыр ауылындағы Титов көшесі абаттандырылып, 2,6 шақырым жаяу жүргіншілер жолы мен 4 мың шаршы метрге жуық аллея жасақталған. Балалар және спорт алаңдары, демалыс аймақтары салынып, жарықтандыру және суару жүйелері орнатылған.

Ауданда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жалғасып жатыр. Келесі жылдың басында Өтеген батыр ауылында құны 10 млрд теңге болатын 125 орындық перзентхананың құрылысы басталмақ.

Бұдан бөлек, Боралдай кентіндегі 280 орындық мәдениет үйін жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Асқар Тоқпанов ауылында да осындай мәдениет нысанын салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданған.

Тұрғындар Қараой ауылында дәрігерлік амбулатория, Ащыбұлақ ауылдық округінде спорт кешенін салуды сұрады. Қазіргі уақытта екі нысанның да жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, қаржы бөлуге өтінім берілген.

Алматы облысының футбол командасы құрылады

Кездесу барысында тұрғындардың бірі Өтеген батыр ауылындағы стадионды жөндеп, облыстың жеке футбол командасын құруды ұсынды. Шыңғыс Әрінов стадионды облыстық спорт басқармасының теңгерімінен аудан қарамағына өткізіп, жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланып отырғанын айтты.

«Алматы облысының футбол командасы Талғардағы «Атлетико де Мадрид» академиясының базасында жасақталады. Кейін олар Қазақстан лигаларында өңірдің намысын қорғайтын болады», – деді облыс әкімі.

Кездесу соңында аймақ басшысы ауданның әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініштерін тыңдады.

Тегтер: Алматы облысыБасты жаңалықтарҚазақстан

Соңғы жаңалықтар

АҚШ инвесторлары Алматы облысындағы ірі жобаларға қызығушылық танытты

Қорлан Нұрланқызы
18.11.2026

Алматы облысында кезекші ХҚКО мекенжайлары өзгерді

Қорлан Нұрланқызы
18.11.2026

Алматы облысында 12 тоннадан астам есірткі тәркіленді

Қорлан Нұрланқызы
18.11.2026

Көлсайда 6,3 шақырымдық аспалы жол салынады

Қорлан Нұрланқызы
18.11.2026

Алматы облысында мал ұрлығына қатысы бар екі қылмыстық топ ұсталды

Қорлан Нұрланқызы
18.11.2026

  • Басты бет
  • Жаңалықтар
  • Әлем
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мақала
  • Сұхбат
ZERO.kz

© 2022-2024 www.alataunews.kz

  • Басты бет
  • Жаңалықтар
  • Әлем
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мақала
  • Сұхбат
  • Русский язык

© 2022-2024 www.alataunews.kz