Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жобалар отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін арттыруға, сақтау инфрақұрылымын дамытуға және өңірдің логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Ірі жобалардың бірі – құны 17,3 млрд теңге болатын ALATAU GREEN PRODUCTION жылыжай кешені. Жалпы аумағы 16 гектарды қамтитын кәсіпорын жылына 4 мың тоннаға дейін көкөніс өндіруге мүмкіндік береді.
Кешенде әрқайсысы 4 гектар болатын қысқы және жазғы жылыжайлар, көшет өсіруге және салат өнімдерін өндіруге арналған арнайы бөлімшелер қарастырылған. Сонымен қатар аумағы 9 177 шаршы метр болатын қойма салынады. Онда 6 мың тоннаға дейін көкөністі ұзақ мерзімге және 720 тонна жеміс-жидекті қысқа мерзімге сақтауға мүмкіндік болады. Бұл өнімнің сапасын сақтап, шығынды азайтуға және нарықты жыл бойы көкөніспен тұрақты қамтамасыз етуге жағдай жасайды.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 80 пайызға жуығы аяқталған. Төрт гектар аумақта шыны жылыжайлар тұрғызылып, инженерлік коммуникацияларды тарту жұмыстары жүргізілуде. Кешенді 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Ал екінші жоба «Қайрат» индустриялық аймағында жүзеге асырылуда. Құны 2 млрд теңге болатын өндірістік-логистикалық кешенді «СТРОЙИНВЕСТ – TS» серіктестігі салуда.
Жобаға 18,45 гектар жер бөлінген. Мұнда жалпы сыйымдылығы 10 мың тонна болатын астық қоймалары салынады. Кәсіпорын жылына 200 мың тоннаға дейін астық жөнелтуге қауқарлы болады.
Қазіргі уақытта теміржол инфрақұрылымының құрылысы толық аяқталған. Газ желілерін тарту жұмыстары соңғы кезеңге жетіп, негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Аталған екі жобаның іске қосылуы Алматы облысының агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, сақтау және тасымалдау жүйесін дамытуға мүмкіндік береді.





