Қонаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен экологиялық акция қаланың үш аумағын қамтыды. Атап айтқанда, №7 саяжай, 10-шағынаудан және Абай көшесінде тазалық жұмыстары жүргізілді. Игі бастамаға жергілікті тұрғындар, еріктілер мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері белсенді қатысты.
Сенбілік барысында қатысушыларға арнайы қолғаптар мен қоқыс қаптары таратылып, белгіленген аумақтар тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Әсіресе №7 саяжай аумағында қордаланған қоқыстарды жинауға ерекше көңіл бөлінді.
Экологиялық шараға Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметкерлері де атсалысты. Басқарманың бөлім басшысы Дулатбек Серікұлы мұндай бастамалардың тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырудағы маңызына тоқталды.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынды. Бұл шаралар қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған. Басқарма қызметкерлерімен бірге апта сайын сенбіліктерге қатысамыз. Тазалық әр адамның өзінен басталады. Сондықтан табиғатты аялау – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді ол.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, «Green School» жобасы аясында өткізілген тазалық жұмыстарының нәтижесінде 650 қап қоқыс жиналған.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Алматы облысында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру бағытындағы шаралар жүзеге асырылып келеді.
Мұндай бастамалар қаланың санитарлық жағдайын жақсартумен қатар, тұрғындарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға және қоғамдық орындарда тазалық сақтауға үндейді.





