Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Алматы облысына жұмыс сапары барысында «Қазсушар» РМК-ның «Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалының ұжымымен кеңес өткізді. Жиында биылғы вегетация кезеңінің қорытындылары мен өңірдегі су инфрақұрылымын дамыту жобаларының жүзеге асырылу барысы қаралды.
Жол картасы аясында Күрті өзеніндегі Оң жағалау және Сол жағалау магистральдық каналдарын, Қорам магистральдық каналын, сондай-ақ Үлкен Алматы каналының 15,6 шақырымын қайта жаңғырту жоспарланған. Қазіргі уақытта аталған төрт жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Сонымен қатар Шелек өзеніндегі Бартоғай су қоймасының бөгетін реконструкциялауға арналған жобалық құжаттаманы әзірлеу аяқталуға жақын.
Бұдан бөлек, Күрті су қоймасының бөгетін, Тасқұтан су көтеру құрылысын, Шелек гидроторабын, Үлкен Алматы каналының бас құрылысын және каналдың 110 шақырымдық бөлігін жаңғыртуға арналған бес жобаны әзірлеу басталды.
Министрлік мәліметінше, қалған жобалар бойынша да тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде жаңғырту «Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалының қарамағындағы барлық су шаруашылығы нысанын қамтуы тиіс.
Нұржан Нұржігітов суармалы суды каналдар арқылы жеткізу қызметінің сапасын арттыру қажеттігін атап өтті.
«Филиал көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруы қажет. Ол үшін инфрақұрылымдық жобалардың уақытылы әрі адал іске асырылуын қамтамасыз ету, түсіндіру жұмыстарын белсендірек жүргізу және азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру қажет. Министрлік тарапынан тиімді жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалған», – деді министр.
Оның айтуынша, гидротехникалық нысандарды салу және реконструкциялау жобаларына қолдау көрсетіліп, жаңа техника беріліп жатыр. Сонымен қатар мамандардың жалақысы көтеріліп, су жеткізуге электрондық шарт жасасу жүйесі енгізілген.
Жұмыс сапары кезінде министр Талғар өзені арқылы өтетін Үлкен Алматы каналы маңындағы автомобиль көпірін қайта жаңғырту барысымен де танысты. Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін көпірдің ұзындығы шамамен 120 метр, ені 12 метр болады.
Министр Талғар өзенінің арнасын реконструкциялау жобасын әзірлеп, оны жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырып жатқан көпірді жаңғырту жобасымен үйлестіруді тапсырды.
Сондай-ақ Үлкен Алматы каналы филиалының қарамағындағы төрт құбырлы дюкердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар жүргізу міндеттелді.
Ұзындығы 646,6 метр болатын дюкер секундына 58,5 текше метрге дейін су өткізе алады. Нысан Алматы облысының Талғар ауданы мен Алматы қаласын сумен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.





