Мерекелік кешке жиналған тұрғындарды Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов құттықтады. Ол облыс орталығы мәртебесін алғаннан бері қалада жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар мен абаттандыру жұмыстарына тоқталды.
Қала әкімінің айтуынша, биыл Қонаевтағы екі жағажай абаттандырылған. Сонымен қатар «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 16 аумақты көркейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, «Көшпенділер қаласына» дейін автомобиль жолы салынып, Шеңгелді ауылында жолдарды жөндеу жұмыстары қолға алынған. Әуезов көшесін күрделі жөндеу де басталды.
«Бүгінде Қонаевтың келбеті өзгеріп, инфрақұрылымы дамып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалып жатыр. Қаламыздың басты байлығы – оның тұрғындары. Қонаевтың өркендеуіне үлес қосып жүрген ардагерлерге, ұстаздар мен дәрігерлерге, кәсіпкерлерге, құрылысшыларға, коммуналдық сала мамандарына және белсенді азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін», – деді Асхат Бердіханов.
Ресми бөлімнен кейін орталық алаңда мерекелік концерт ұйымдастырылды. Сахнада Бейбіт Қорған, Балжан Бидаш, Әли Оқапов, Нұрлан мен Мұрат, Нұрлан Әшімов, Әділ Ахметжан және жергілікті өнерпаздар ән шырқады.
Концертке жиналған көрермендер танымал әндерді қосыла орындап, өнерпаздарға қошемет көрсетті. Мерекелік шараға отбасымен келген тұрғындар да көп болды.
Қала тұрғыны Сарқыт Бақытқызы мерекелік кештен алған әсерімен бөлісті.
«Балаларымыз бен немерелерімізді ертіп, отбасымызбен келдік. Өте көңілді! Қонаев қаласы жылдан-жылға көркейіп, дами берсін. Қаламызда осындай қуанышты оқиғалар көп болсын», – деді ол.
Қала әкімдігінің мәліметінше, биыл Қала күніне орай барлығы 22 іс-шара өткізілген. Олардың қатарында спорттық жарыстар, мәдени-танымдық кездесулер, Қонаев қаласының алғашқы құрылысшыларымен жүздесу, жастарға арналған кештер мен экологиялық акциялар бар.
Мерекелік бағдарламаның соңында қала аспаны түрлі түсті отшашуға бөленді. Осылайша, Қонаев тұрғындары мен қонақтары Қала күнін концерттік бағдарламамен және мерекелік отшашумен атап өтті.





