Жоспарланған форум аясында көпфункционалды кешендер, қонақүйлер, ауруханалар мен тұрғын үй құрылысы, сондай-ақ энергетика саласында жұмыс істейтін ірі компаниялардың өкілдері кездесіп, инвестициялық бастамаларды талқылайды.
Кездесуде сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелеріне де назар аударылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысы мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 24 пайызға өсіп, 30,7 млн АҚШ долларына жеткен. Қазір өңірде үнді капиталының қатысуымен бес кәсіпорын және төрт бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
Сонымен қатар үнді инвесторларының қатысуымен жалпы құны 278 млрд теңге болатын екі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олар туризм және білім беру салаларын дамытуға бағытталған. Өткен жылы Алматы облысына Үндістаннан 2,5 мыңға жуық турист келген.
Облыс әкімі Үндістан компанияларының тәжірибесі өңірдегі технологиялық және инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті. Сондай-ақ Алматы облысының үнді өңірлерімен тікелей серіктестік орнатуға мүдделі екенін жеткізді.
Сайлас Тангалдың айтуынша, үнді компаниялары Алатау және Қонаев қалаларында ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Әсіресе денсаулық сақтау, фармацевтика және роботтандырылған хирургия салаларында бірлескен бастамаларды іске асыру мүмкіндігі қарастырылуда.
Кездесу қорытындысында тараптар бірлескен жобаларды жандандырып, «Қазақстан – Үндістан» бизнес-форумын өткізу мәселесін жан-жақты пысықтауға уағдаласты.





