Бұған дейін Кербұлақ пен Сарыбұлақ ауылдарындағы стихиялық қоқыс орындары тазартылған. Қазіргі уақытта жұмыстар Ақөзек елді мекенінде жүргізілуде. Заңсыз қоқыс үйінділері геопортал арқылы анықталып, белгіленген аумақтар кезең-кезеңімен тазартылған.
Шеңгелді ауылдық округі әкімінің орынбасары Жомарт Аимбетовтің айтуынша, соңғы он жылда жиналған 1200 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, геопортал арқылы анықталған заңсыз қоқыс орындарының барлығы жойылған.
Тазалық жұмыстары елді мекендермен ғана шектелмейді. Туристік маусым кезінде сорғы станцияларының аумағы мен жағалау белдеуі де тұрақты тазартылып отырған.
Күн сайын ауылдарды тазалауға үш техника мен 20-ға жуық қызметкер жұмылдырылған. Бұл округ аумағының санитарлық жағдайын тұрақты бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Шеңгелдіде тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жүйесі жолға қойылған. Тұрғындар «Қонаев Көркейту» мекемесімен келісімшарт жасасып, қоқысты үйлерінен арнайы техника арқылы шығарта алады. Қызмет құны бір тұрғынға айына 539 теңгені құрайды. Зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтарға жеңілдіктер қарастырылған.
Округ әкімдігі тұрғындарды заңсыз қоқыс орындарының қайта пайда болуына жол бермеуге және тұрмыстық қалдықтарды белгіленген тәртіппен шығаруға шақырды.





