«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында мамандар Шренк шыршасы, жиде және басқа да ағаш түрлерінің тұқымын жинап жатыр. Бүгінге дейін өңірде 1,5 тоннаға жуық тұқым жиналған.
Қазан айының ортасынан бастап қара сексеуіл тұқымын жинау жұмыстары басталады. Биыл оның көлемін 10 тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда облыста жалпы аумағы 130 гектарға жуық екі тұрақты және 10 уақытша тәлімбақ жұмыс істейді. Жиналған тұқымдар осы тәлімбақтарда өсіріліп, кейін орман қорын толықтыруға пайдаланылады.
Тұқым жинау жұмыстарына орман шаруашылығы мамандарымен бірге оқушылар да атсалысуда. Мәселен, Балқаш ауданындағы «Күрті орман шаруашылығы» мекемесінің қызметкерлері мектеп оқушыларымен бірлесіп, бір күннің ішінде 200 келі жиде тұқымын жинаған. Экологиялық шараға 50-ге жуық адам қатысқан.
«Күрті орман шаруашылығы» КММ директоры Ғабит Ақшабақовтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2 миллиард түп ағаш отырғызу жоспары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
«2028-2035 жылдар аралығында 80 гектар аумаққа 266 664 түп жиде көшетін отырғызу жоспарланған. Қазір жиналып жатқан жиде тұқымы осы мақсатта көшет өсіру үшін уақытша орман тұқымбағына себіледі», – деді Ғабит Ақшабақов.
Мамандардың жұмысы орман қорын ұлғайтып қана қоймай, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға және жасыл желек көлемін арттыруға бағытталған.





