Кездесу барысында Шыңғыс Әрінов Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, инвестициялық әлеуеті және өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар туралы баяндады.
Облыс әкімінің айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы достық және өзара тиімді әріптестік Алматы облысының Қытайдың бірқатар провинцияларымен тікелей байланыс орнатуына мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі таңда тараптар экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы және мәдени-гуманитарлық салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыруда.
«Алматы облысы мен Қытай арасындағы тауар айналымы дәстүрлі түрде жоғары деңгейде сақталып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 1 миллиард 257 миллион АҚШ долларына жетті. Бүгінде облыста Қытай капиталының қатысуымен 140-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Біз сауда-экономикалық байланысты одан әрі нығайтуға үлкен мән береміз», – деді Шыңғыс Әрінов.
Өз кезегінде Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Су Фанцю Алматы облысының экономикалық және инвестициялық әлеуетіне жоғары баға берді. Оның сөзінше, өңірде шетелдік инвесторлардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай қалыптасқан.
«Алматы облысының көптеген көрсеткіш бойынша алдыңғы қатарда екенін жақсы білеміз. Мұнда инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалған. Сондықтан екі тараптың мүддесіне сай келетін бірқатар ұсынысты жеткізгім келеді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерін қайта өңдеу, балама энергия көздерін дамыту, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мен туризм саласындағы ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік мол», – деді Су Фанцю.
Кездесуде жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, инфрақұрылым мен туризм саласындағы байланысты күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жүздесу қорытындысында тараптар өзара тиімді бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және Алматы облысы мен Қытай арасындағы әріптестікті жан-жақты кеңейтуге дайын екендерін білдірді.





