Табиғи монополия бір кәсіпорынның белгілі бір қызметті бірнеше бәсекелес компанияға қарағанда тиімдірек ұсына алатын салаларда қалыптасады. Олардың қатарына сумен жабдықтау және су бұру, жылумен қамту, электр энергиясын беру, газ тасымалдау секілді қызметтер кіреді.
Мұндай кәсіпорындардың нарықтағы басым жағдайын теріс пайдалануына жол бермеу үшін мемлекет олардың қызметіне қойылатын талаптарды белгілеп, тарифтердің қалыптасуын бақылайды.
Тарифтер қалай бекітіледі?
Табиғи монополия субъектісі тарифті өзгерту жөнінде өтінім берген жағдайда, оның экономикалық негіздемесі жан-жақты тексеріледі. Кәсіпорынның шығындары, инвестициялық жоспарлары, жөндеу және жаңғырту жұмыстары, энергия ресурстарына жұмсалатын қаражат пен еңбекақы шығындары талданады.
Егер тарифті көтеруге жеткілікті экономикалық негіз болмаса, өтінім қабылданбайды. Мұндай бақылау тұрғындардың коммуналдық төлемдерінің негізсіз өсуіне жол бермеуге бағытталған.
Тариф қалыптастыру үдерісіндегі маңызды талаптардың бірі – ашықтық. Осы мақсатта қоғамдық тыңдаулар өткізіледі. Қазір тұрғындар оған тек офлайн емес, онлайн форматта да қатыса алады. Бұл азаматтарға тариф мәселесінің қалай қаралып жатқанын бақылауға, сұрақ қоюға және өз пікірін білдіруге мүмкіндік береді.
Негізсіз алынған қаражат қайтарылады
Табиғи монополия субъектілерінің қаржыны мақсатты пайдалануы да бақылауда болады. Егер кәсіпорын бекітілген тарифтен тыс төлем есептесе, қаражатты тиісінше пайдаланбаса немесе инвестициялық бағдарламада көрсетілген міндеттемелерін орындамаса, негізсіз алынған сомалар тұтынушыларға қайтарылуға немесе қайта есептелуге тиіс.
Сонымен қатар табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімі жүргізіледі. Оған енгізілу – реттелетін қызметтерді көрсетудің міндетті талаптарының бірі.
Алматы облысы бойынша тіркелімнің жергілікті бөліміне сумен жабдықтау, жылумен қамту, электр энергиясын беру, газ тасымалдау және кірме жолдарды пайдалану қызметтерін көрсететін ондаған кәсіпорын енгізілген. Олар бекітілген тарифтер бойынша жұмыс істеп, заң талаптарын сақтауға міндетті.
Ал кәсіпорын мемлекеттік тіркелімге енгізілмей немесе бекітілген тарифсіз қызмет көрсеткен жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Табиғи монополияларды реттеу тұрғындардың күнделікті өмірімен тікелей байланысты. Сондықтан бұл саладағы басты міндет – коммуналдық қызметтердің бағасын экономикалық негізде қалыптастырумен қатар, олардың сапасын қамтамасыз ету және тұтынушылардың мүддесін қорғау.





