Таңат Айдарбеков 1971 жылы туған. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін «Бухгалтерлік есеп, бақылау және әкімшілік-шаруашылық қызметі» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2017 жылы Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар достығы университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолын Бақанас ет комбинатында бастаған. Кейін «Қуаныш» АҚ-да есепші болып жұмыс істеді.
Әр жылдары Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімі аппаратында экономика, кәсіпкерлікті дамыту және қолдау бағыттарында бас маман, бөлім басшысы қызметтерін атқарды. Сондай-ақ Түрксіб ауданы әкімі аппаратында нарықтық қатынастарды және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы бөлімдерді басқарды.
Таңат Айдарбеков Алматы қаласының Түрксіб және Бостандық аудандары әкімдерінің орынбасары, Алматы облысы Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Сонымен қатар Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша Қазынашылық департаментін басқарған.
2023 жылдың қаңтарында Таңат Айдарбеков Талғар ауданының әкімі болып тағайындалған. Оның сол кездегі тағайындалуы мен бұған дейінгі еңбек жолы ашық дереккөздерде жарияланған.





