Ақорда мәліметінше, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров қайғылы жағдайға байланысты Қазақстан халқына көңіл айтып, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарының қайғысына ортақтасқан.
«Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қаза болған жандардың туған-туыстарына, сондай-ақ Қазақстан халқына қайғыға ортақтасып көңіл айтты», – делінген Ақорда хабарламасында.
Мемлекет басшысы осындай ауыр сәтте қолдау білдіріп, жұбату сөздерін жеткізген әріптестеріне ризашылығын білдірді. Президент халықаралық қолдау мен тілеулестіктің Қазақстан үшін айрықша маңызды екенін атап өтті.



