Мемлекет басшысының айтуынша, үшінші сектордың басты міндеті – қоғамда Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Табиғатты аялау қағидаттарын орнықтыру.
«Өкінішке қарай, мәдениетсіздік фактілерімен жиі бетпе-бет келеміз. Табиғатты, қоғамдық орындарды қасақана ластайды. Қоғамға, мемлекетке қарсы мұндай бейбастақ әрекеттерге жазаны күшейткен дұрыс деп есептеймін», — деді Президент.
Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» деген – адамның айналасына жауапкершілікпен қарау дағдысы, азаматтық кемелдіктің көрсеткіші, мемлекет өркениетінің маңызды өлшемі екенін атап өтті.
«Қалаларымыз бен ауылдарымыздың біразында жоғары экологиялық мәдениет пен қоғамдық тәртіп үлгісін көріп-байқап жүрміз. Бұл бізді қуантады. Қазақстанды қонақжай әрі қауіпсіз ел ретінде таниды. Енді осы артықшылықтарымызбен қоса, тазалықты да ұлттық брендке айналдыруымыз керек», — деді Тоқаев.
Тоқаев елімізге келген қонақтар қазірдің өзінде қалаларымыздың келбетіне тамсана қарайтынын, бұл Қазақстанның туристік әрі инвестициялық тартымдылығын еселей түсетінін айтты.
«Осындай жетістіктерді ел аумағында таратуымыз керек. «Таза Қазақстан» бастамасының мән-мазмұнын күшейтіп, тың идеялармен, креативті жобалармен толықтырған жөн», — деді Президент.
Қазақстан Халық Кеңесі – Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік-кеңесші орган. Оның міндеті — мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға қоғамның қатысуын қамтамасыз ету.
Халық Кеңесінің құрамына 126 адам – этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық және басқа да коммерциялық емес ұйымдардың, мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестердің өкілдері кіреді.
Кеңестің алғашқы отырысы 23–24 қыркүйекте Астана қаласында өтіп жатыр. Жаңа органның төрағасы болып Ерлан Қошанов сайланды.





