«Бірақ қоғамдық кеңестерде мұндай байланыс та, тәжірибе де болмаған. Сондықтан біз алғаш рет Халық Кеңесі арқылы осы жұмысты қолға аламыз. Елдік мәселелер талқыланған кезде қоғамдық кеңестердің мүмкіндіктерін толық пайдалану қажет», — деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, осы орайда қоғамдық кеңестер туралы заңнаманы жетілдіру керек. Ал Халық кеңесі қоғамдық кеңестермен тұрақты байланысты жолға қойып, оларға арналған жан-жақты қолдау шараларын қарастыруы қажет.
«Үкіметке Қазақстан Халық Кеңесімен бірлесіп, мұндай құрылымдардың кәсіби әлеуетін арттыру жолдарын пысықтауды тапсырамын. Тағы бір маңызды мәселе – қоғамдық бақылауды жүзеге асыру. Бұл – Кеңес қызметінің негізгі бағытының бірі», — деді Президент.
Дегенмен Қасым-Жомарт Тоқаев қазір елімізде қоғамдық бақылауды жүргізудің бірыңғай және нақты тәртібі немесе біртұтас жүйесі жоқ екенін айтты.
«Бұл жұмысты бағалаудың ортақ өлшемдері де әзірленбеген. Халық Кеңесі қоғамдық бақылау саласын жүйелеп, оны ретке келтіруге атсалысуы керек. Бұл жұмысқа тәуелсіз сарапшылар мен кәсіби мамандарды көбірек тартқан жөн», — деді Мемлекет басшысы.





