Мерейтойлық шаралар 2 қазанда Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылында басталады. Сағат 09:30-да аудандық мәдениет үйінде Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған халықаралық ақындар айтысы өтеді.
Сөз додасына Қазақстан мен Қырғызстанның белгілі айтыскер ақындары қатысып, Жамбыл мұрасы, ел тарихы мен ұлттық құндылықтарды жырға қосады. Халықаралық айтыс екі елдің ежелден сабақтасқан жыршылық дәстүрін тағы бір мәрте танытпақ.
Мерейтойдың негізгі шаралары 3 қазанда Жамбыл ауданындағы «Көкбастау» атшабарында жалғасады. Мұнда ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптейтін ауқымды бағдарлама ұйымдастырылады.
Атшабар аумағында ұлттық қолөнер бұйымдары мен көрмелер көпшілік назарына ұсынылып, қазақтың дәстүрлі ойындары өткізіледі. Сондай-ақ сәйгүліктер сынға түсетін бәйге ұйымдастырылып, шабандоздар жүлделі орындар үшін бақ сынайды.
Мерейтойлық бағдарламаның тағы бір маңызды бөлігі – елімізге танымал өнерпаздардың қатысуымен өтетін гала-концерт. Сахнада дәстүрлі және заманауи өнер өкілдері өнер көрсетеді.
Жамбыл Жабаев – қазақ ауыз әдебиеті мен жыршылық дәстүрінің көрнекті өкілі, шығармалары бірнеше дәуірдің тарихи оқиғалары мен халықтың тұрмыс-тіршілігін қамтыған тұлға. Ақынның 180 жылдық мерейтойына арналған шаралар оның мол мұрасын кеңінен насихаттап, ұлттық өнер мен мәдениетті кейінгі ұрпаққа дәріптеуді көздейді.





