Өтеген батыр ауылында ұйымдастырылған «Менің таңдауым – заң және қаржылық қауіпсіздік» атты жиында интернет-алаяқтықтан қорғану, дропперлікке жол бермеу, киберқауіпсіздік пен құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу мәселелері талқыланды.
Форумға Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов, сала мамандары мен жастар қатысты.
Жиында цифрлық технологиялардың күнделікті өмірге кеңінен енуімен бірге қаржылық алаяқтықтың жаңа тәсілдері де көбейіп келе жатқаны айтылды. Әсіресе жастардың өз банк картасын немесе шотын бөгде адамдарға беруі, күмәнді ақша аударымдарына араласуы және оңай табыс ұсынатын интернеттегі ұсыныстарға сенуі үлкен қауіп тудыратыны сөз болды.
Аудан әкімі Қайыржан Жақсымбетов қазіргі жағдайда қаржылық сауаттылық пен цифрлық қауіпсіздік дағдылары әр адамның жеке қауіпсіздігінің маңызды бөлігіне айналғанын атап өтті.
«Біздің ортақ міндетіміз – заңды құрметтейтін, өз құқығы мен міндетін білетін, адал еңбекке ұмтылатын, қаржылық шешімдеріне жауап бере алатын саналы ұрпақ қалыптастыру», – деді аудан әкімі.
Форум аясында экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жобалар көрмесі ұйымдастырылды. Мамандар жастарға дропперлік схемалардың қалай жұмыс істейтінін, жеке банк деректерін қорғау жолдарын және интернеттегі күмәнді қаржылық операциялардан сақтану тәсілдерін түсіндірді. Сондай-ақ кибертұрақтылық пен цифрлық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңестер берілді.
Іс-шара тек баяндамалармен шектелген жоқ. Алаяқтардың азаматтардың сеніміне кіру үшін қолданатын тәсілдерін көрсету мақсатында «Әже және «служба безопасности»» атты театрландырылған қойылым сахналанды. Қойылым арқылы телефон алаяқтарының өзін банк немесе қауіпсіздік қызметінің өкілі ретінде таныстырып, адамдарды алдау тәсілдері көрсетілді.
Форум бағдарламасына ұлттық зияткерлік ойындар да енгізілді. Жастар арасында тоғызқұмалақтан жарыс ұйымдастырылып, үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар марапатталды.
Жиын соңында жастар мен қоғамның қауіпсіздігіне кері әсер ететін заңсыз әрекеттер мен зиянды әдеттерге қарсылықты білдіретін символдық акция өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – жастарға қауіп туралы ескертіп қана қоймай, қаржылық шешім қабылдауда жауапкершілік танытуға, жеке деректерін қорғауға және заң талаптарын білуге үйрету.





