Су қоймасына жіберілген тұқы тұқымдас балық шабақтарының әрқайсысының орташа салмағы 20 грамды құрайды. Мамандардың мәліметінше, мұндай жұмыстар су айдынындағы балық ресурстарын толықтыруға және табиғи қорды сақтауға бағытталған.
Акция балық шаруашылықтарының шарттық міндеттемелерін орындау аясында ұйымдастырылды. Оған «Акмарин Г» және «Бриз-М» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, сондай-ақ «Атамұра» шаруа қожалығы қатысты.
Қапшағай су қоймасын балықтандыру жұмыстары жыл сайын жүргізіледі. Мәселен, 2025 жылы балық шаруашылықтары су айдынына 162 921 шабақ жіберген. Бұдан бөлек, мемлекеттік тапсырыс аясында су қоймасы 546 990 дана құнды балық шабағымен толықтырылды. Осылайша былтыр су айдынына жалпы саны 700 мыңнан астам шабақ жіберілген.
Биыл балықтандыру көлемін одан әрі арттыру жоспарланып отыр. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 500 мыңнан астам шабақ жіберу көзделсе, балық шаруашылықтары тағы 664 872 шабақты су қоймасына жіберуге тиіс. Жоспар толық орындалған жағдайда биыл Қапшағай су қоймасына 1,1 миллионнан астам балық шабағы жіберіледі.
Мұндай шаралар су айдынындағы балық қорын табиғи жолмен толықтыруға, кәсіпшілік маңызы бар балық түрлерінің санын сақтауға және өңірдегі балық шаруашылығын тұрақты дамытуға мүмкіндік береді.





