Алматы облысының Райымбек ауданындағы Шәлкөде жайлауында ғасырлар бойы жер астында жатқан көне түркі тарихының маңызды беттері қайта ашыла бастады. Мұнда Батыс Түрік қағанаты дәуіріне жататын алып ғұрыптық-мемориалдық кешен зерттеліп жатыр. Археологтар бұл нысан арқылы көне түркілердің қағандарын қалай құрметтегенін, қандай діни рәсімдер жасағанын және сол дәуірдегі билік пен рухани дүниетанымның қалай байланысқанын анықтауға тырысуда.
Шәлкөде кешені – Қазақстандағы түркі дәуірінің аса көрнекті екі ескерткішінің бірі. Оның жалпы аумағы шамамен 2,4 гектар. Кешеннің көлемі ғана емес, сәулеттік құрылымы да таңғалдырады: негізгі тас құрылыстың көлемі 72,8×68 метрге, ал сақталған бөлігінің биіктігі 3 метрге дейін жетеді. Онымен байланысты рәсімдік дәліз-құрылымның көлемі 42,7×58,2 метр. Екі нысан біртұтас сәулеттік кешенді құрайды.
«Барқ» деген не?
Ежелгі түркі жазба деректерінде қоғам үшін ерекше маңызы бар тұлғаларды ұлықтауға арналған қасиетті кеңістікті barq (барқ) деп атаған.
Мұндай кешендер кездейсоқ жерге салынбаған. Көбіне айналасын тау қоршаған, өзен немесе басқа да табиғи нысандарға жақын ерекше ландшафт таңдалған.
Мұндай мемориалдық кешендер қағандар, тегіндер, тархандар мен шадтар сияқты түркі қоғамындағы жоғары мәртебелі тұлғалардың құрметіне тұрғызылған. Сондықтан Шәлкөдені зерттеу арқылы бір ескерткіштің тарихын ғана емес, тұтас дәуірдің қоғамдық құрылымы мен дүниетанымын түсінуге болады.
Қағанды ұлықтау рәсімдері өткен орын
Шәлкөде кешенінің негізгі бөлігі – күрделі жоспарланған көпқырлы тас құрылыс. Зерттеушілердің пайымдауынша, дәл осы жерде қағанның қасиеттілендірілген бейнесін құрметтеуге арналған салтанатты рәсімдер мен құрбандық шалу ғұрыптары өткізілген.
Бұл жерде бір маңызды жайт бар: көне түркі қоғамында қаған жай ғана ел басшысы болған жоқ. Оның билігі діни және дүниетанымдық түсініктермен тығыз байланысты болды. Сондықтан қаған қайтыс болғаннан кейін өткізілген рәсімдер оның рухын еске алумен ғана шектелмеген.
Көне түркілердің түсінігінде билеушінің өлімі қоғамдағы қалыпты тәртіптің бұзылуына әкелуі мүмкін еді. Сондықтан арнайы рәсімдер арқылы Тәңірінің рақымына ие болу, дүниедегі үйлесімді қалпына келтіру және қоғамның тұрақтылығын сақтау көзделген.
Табиғат пен руханият тоғысқан кеңістік
Кешеннің үш жағы таумен қоршалған, жанында өзен ағып жатқан, батысы Кеген аңғарына қарай ашық ортада орналасуы да кездейсоқ емес. Көне түркілер үшін тау, өзен, аспан және басқа да табиғи нысандардың өзіндік киелі мәні болған.
Сондықтан Шәлкөде кешені діни рәсімдер өтетін орын ғана емес, табиғат пен адам, билік пен руханият тоғысқан ерекше кеңістік ретінде қарастырылады.
Мұнда өткізілген рәсімдер көне түркілердің әлемдегі тәртіп пен үйлесім туралы түсініктерін бейнелеген. Қағанды қастерлеуге қатысты ғұрыптар және табиғи-күнтізбелік циклдерге байланысты жосын-жоралардың барлығы сол кездегі дүниетанымдық жүйенің өзара байланысты бөліктері болған.
Шәлкөде бізге не береді?
Археологтар үшін Шәлкөденің ең үлкен құндылығы – оның көне түркі қоғамының көзге көрінбейтін қырларын зерттеуге мүмкіндік беруінде.
Тас қабырғалар мен архитектуралық құрылымдар арқылы ғалымдар көне түркілердің құрылысты қалай салғанын, қандай сәулеттік шешімдер қолданғанын анықтай алады. Ал ғұрыптық нысандар мен археологиялық материалдар олардың дүниені қалай қабылдағанын, билікті қалай түсінгенін және қоғамдағы тәртіпті қалай сақтауға тырысқанын зерделеуге жол ашады.
Кешеннің сәулетін басқа көне түркі ескерткіштерімен салыстыру арқылы оның түркі әлеміндегі орнын анықтау да маңызды. Мұндай зерттеулер ерте орта ғасырлардағы Орталық Азияда өткен этномәдени және этносаяси үдерістерді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Зерттеу ондаған жылға созылуы мүмкін
Шәлкөденің құпиясын бір ғана археологиялық маусымда толық ашу мүмкін емес. Сондықтан кешендегі зерттеулерді ондаған жыл бойы кезең-кезеңімен жүргізу жоспарланып отыр.
Биыл шілде-тамыз айларында Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары «YNTYMAQ CORPORATION» компаниясының қолдауымен кешен аумағында далалық археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Алдағы зерттеулер барысында ескерткіштің құрылымы, сәулеттік ерекшеліктері және қызметі туралы жаңа деректер жинақталмақ.
Бүгінде Шәлкөде – өткеннің үнсіз куәгері ғана емес. Оның әрбір тасы көне түркілердің билігі, сенімі, салт-дәстүрі мен әлем туралы түсінігі жөнінде сыр шертеді.
Археологтар үшін басты сұрақ – Шәлкөде кешенін кім салдырды және мұнда нақты қандай рәсімдер атқарылды? Бұл сұрақтардың жауабы әлі алда. Бірақ бір нәрсе анық: Шәлкөде – Қазақстанның көне түркі тарихын тереңірек тануға мүмкіндік беретін аса маңызды археологиялық нысандардың бірі.





