Өңір тұрғыны кәсіпкерге терезе дайындау және орнату қызметіне тапсырыс беріп, алдын ала 650 мың теңге төлеген. Алайда келісілген мерзімде жұмыс орындалмаған. Кәсіпкер түрлі себептерді алға тартып, тапсырысты орындауды бірнеше рет кейінге қалдырған.
Ақысын төлегенімен, қызметін ала алмаған тұрғын Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді.
Департамент мамандары азаматқа қолданыстағы заңнама аясындағы құқықтарын түсіндіріп, мәселені сотқа жеткізбей шешуге көмектесті. Сондай-ақ кәсіпкермен байланысып, тұтынушы алдындағы міндеттемелерді орындау және оның заңды талабын қанағаттандыру қажеттігін түсіндірді.
Нәтижесінде тараптар арасындағы дау сотқа дейін реттеліп, тұрғынға 650 мың теңге толық көлемде қайтарылды.
Департамент мамандары мұндай жағдайларда азаматтарға сатып алу немесе қызмет көрсетуге қатысты барлық құжатты сақтауға кеңес береді. Шарт, чек, төлем түбіртегі, банк аударымы және кәсіпкермен жүргізілген хат алмасу даулы жағдайда тұтынушының талабын дәлелдеуге көмектеседі.
Егер сатушы немесе қызмет көрсетуші келісілген міндеттемелерді орындамаса немесе қызмет сапасы талапқа сай болмаса, тұтынушы өз құқығын қорғау үшін аумақтық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады.





